Оралдағы автогаз тапшылығы көлік жүргізушілерін әлекке салды
Оралда жыл сайын қайталанатын газ мәселесі жүргізушілердің наразылығын тудырды. Апта басынан бері оралдықтар көгілдір отын таппай сабылып жүр.

Бүгінде жанармай бекеттерінде автогаз таллонмен беріліп жатыр.
“Ақтөбенің және Атыраудың газы бар ғой. Енді сол Ақтөбеден тікелей әкелуге болмай ма? Атыраудың жолдары тасқын суға байланысты бүлінген болар. Бар газымызды аямай халықтың қажетіне жаратса дейміз ғой. Жұртты анда-мында сабылтпай, уақытымызды жоғалтпай”, – дейді жүргізуші Айбек Рысқалиев.
Қалада газ құю бекеті санаулы-ақ. Бірнеше күн бұрын мұнда ұзын-сонар кезек түрған. Қазір ондай көлік кептелісі болмаса да, бекеттерде шектеу енгізілген. Көгілдір отынды көлік иелері қалағанынша құйып ала алмайды. Орал-Атырау тас жолының бір бөлігін су басқандықтан жанармайға шектеу қойылды. Салдарынан мұнай өңдеу зауытынан шыққан ауыр жүк көліктері жолда тұрып қалған. Шенеуніктердің айьуынша, агз тапшылығына тасымалдың кешігуі себеп болған. Өңір газды негізінен Атырау мен Ақтөбедегі зауыттардан алады. Оған қоса бензин бағасы аспандап кеткендіктен көпшілік көліктерін газбен жүретіндей етіп жабдықтап алған. Шенеуніктер алдын ала келісім бойынша осы айда өзге өңірлерден үш мың тоннадан астам отын жеткізіледі деп отыр.
“Жеткізудегі қиындықтарға байланысты бірқатар жерде автогаз құю стансалары шектеулерге көшті. Сол себепті қазіргі таңда облыстағы жағдайды тұрақтандыру осы бір-екі күн ішінде жоспарланып отыр. Жағдай бақылауға алынды”, – дейді БҚО Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы бөлімінің бас маманы Бақытжан Ғилымов.
Бұған дейін 1 шілдеден бастап елімізде автогаз қымбаттайтыны туралы жазған едік.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Батыс Қазақстанда сұйытылған газ тапшылығы туындады