БҚО-да жағажайға найзағай түсіп, шетелдік әйел мерт болды
2024 жылы 7 шілдеде Батыс Қазақстан облысының Теректі ауданындағы Шалқар көлінің жағасында Ресейден келген 40 жастағы турист әйел мерт болды.

Қайғылы оқиға найзағай жарқылдап, күн райы бұзылған кезде болған. Ресейлік әйел алған жарақаттарынан оқиға орнында жан тапсырды.
«Сарыөмір ауылдық дәрігерлік амбулаториясының кезекші бөліміне 7 шілдеде сағат 17:13-те шақырту келіп түсті. Оқиға орнына келіп жеткен фельдшер медицина қызметкерлері келгенге дейін әйелдің көз жұмғанын тіркеді. Өлімнің себебін сот-медициналық сараптама анықтайды», – деді БҚО денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі.
Қазіргі кезде оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр. БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі аталмыш деректің жазатайым оқиға ретінде тіркелгенін жеткізді.
2024 жылы 7 шілдеде БҚО-да дауыл соғып, қатты жел ағаштарды құлатты, бірнеше үйдің шатырын жұлып әкетті, кейбір елдімекендер жарықсыз қалды.
ТЖМ найзағай кезіндегі қауіпсіздік ережелерін еске салады:
- найзағай кезінде ашық жерлерден аулақ болыңыз;
- жағадан алыстаңыз, өйткені су жақсы тоқ өткізгіш болып табылады;
- суда шомылуға және балық аулауға болмайды;
- темір заттарды алып тастау қажет; ұялы телефонды пайдаланбаңыз.
Осы ережелерді сақтай отырып, Сіз өзіңізді жазатайым оқиғалардан қорғай аласыз.