Оралдықтарды ауқымды этнофестивальге шақырады
«Тойбастар» этнофестиваліне қолөнершілер, жергілікті тауар өндірушілер, музыканттар мен спортшылар қатысады.
«Тойбастар» ауқымды этнофестивалі 10 шілдеде сағат 20:00-де Тұңғыш Президент алаңында өтеді. Орал әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, іс-шараның мақсаты қолөнершілер мен жергілікті тауар өндірушілерді қолдау, қала тұрғындары мен қонақтарына өз өнімдерін көрсету, театрландырылған қойылымда ұлттық дәстүрлерді насихаттау болып табылады. «Тойбастар-2024» этнофестивалінде дәстүрлі тұрмыстық бұйымдар жасау бойынша шеберлік сыныптары өткізіледі.
Іс-шараға облыстың түкпір-түкпірінен келген қолөнершілер, тәттілер өндірушілер, әжелер ансамблі, музыкалық топтар мен ұжымдар және ұлттық спорт түрлері бойынша спорт мектептерінің өкілдері қатысады.
Фестиваль қонақтарының назарына концерттік бағдарлама, беташар, бата беру, шашу дәстүрлерінің театрландырылған көрсетілімі, БҚО дизайнерлерінің сән топтамасының көрсетілімі, шеберлік сыныптары, жергілікті тауар өндірушілердің жәрмеңкесі ұсынылады. Алаңда киіз үйлер, шатырлар, сахна және подиум орнатылады.