Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы Т800 мыңға былғары плащқа тапсырыс берген
Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы мемлекеттік сатып алу сайтында жоғары офицерлік құрамға арналған былғары плащты жеке тігу бойынша қызметті сатып алу туралы хабарландыру жариялады.

Батыс Қазақстан облысының прокуратурасы Т800 мыңға былғары пальтоға тапсырыс берген, деп хабарлайды агенттік тілшісі.
«Тапсырыс беруші-«Батыс Қазақстан облысының Прокуратурасы» ММ; Қосымша сипаттама – жоғары офицерлік құрамға арналған былғары плащ тігу (жеке тігу); саны – біреу; жоспарлы сома – Т800 мың», — делінген сатып алудың сипаттамасында.
Техникалық сипаттамада плащ мемлекеттік әділет кеңесшісі үшін тігіледі делінген. Тек қана нағыз былғарыдан, жүні бар қара түсті, ал жағасы каракулден жасалған болуы керек. Оған погондар, түймелер, шеврондар қажет. Өлшемдер жұмыс орнында – БҚО прокуратурасының ғимаратында алынуы тиіс.
Байқауды Астаналық «Камода» ЖШС жеңіп алды. Ашық мәліметтерге сәйкес, бұл ерлер костюмдері мен жалпы киімдерді тігуге маманданған елордалық ателье.
