Қазақстанда дәрі-дәрмектің бағасы жүздеген пайызға көтеріледі
ҚР жоғары аудиторлық палатасы Денсаулық сақтау министрлігі мен оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының халықты дәрі-дәрмекпен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бөлігінде тиімділігіне аудит жүргізді. Нәтижелері бойынша миллиардтаған сомаға бұзушылықтар анықталды.

Жоғары аудиторлық палата мүшесі Тілеген Каскиннің айтуынша, аудит барысында фармацевтикалық өнім айналымы саласындағы 36 жүйелік кемшілік анықталды. Олар отандық тауар өндірушілерді мемлекеттік қолдау шараларына, баға белгілеуге, сатып алу және логистика процестеріне, инспекциялар жүргізуге және дәрі-дәрмектердің қауіпсіздігін бағалауға қатысты.
Бағаларды мемлекеттік реттеу тиісті дәрежеде жүргізілмейді.
Шекті бағаларды қалыптастыру «пайызға пайыз» қағидаты бойынша үстеме бағаны белгілеуге негізделген, бұл нормативтік түрде препараттардың құнын өндіруші зауыт бағасынан 172%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау министрі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдарын ескере отырып осы бағытта тиісті жұмыс жүргізілетінін атап өтті.
Жоғары аудиторлық палата төрағасы сонымен қатар мемлекеттік реттеу саласы тіркелмеген дәрілік заттардың бағасын қамтымайтынына назар аударды, бұл өндіруші зауыт бағасының 2000%-на дейін үстеме баға белгілеуге мүмкіндік беріп отыр.
Сонымен бірге мемлекеттік аудит баға белгілеу тетігінің кемшіліктері «СК-Фармация» ЖШС-ның жекелеген дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды нарықтық бағадан 40%-365% жоғары бағамен сатып алуына әкеліп соққанын анықтады, бұл 8 млрд теңгеден асып отыр.
Бұдан басқа, Бірыңғай дистрибьютор жүйесінде сатып алуды сапасыз жоспарлау медициналық ұйымдардың 2,8 млрд теңге сомаға сатып алынған препараттардан бас тартуына әкелді. Нәтижесінде 279,5 млн теңгеге препараттар жарамдылық мерзімінің өтуіне байланысты тұрып қалған, кейіннен олардың бір бөлігі есептен шығарылған.
Сатып алу рәсімдерін жүргізу кезінде ашықтық қағидатына қайшы келетін бұзушылықтар анықталды. Осылайша, 3 млрд теңге сомаға тіркелген аналогтары болса да, сондай-ақ «СТ-KZ» сертификатымен жергілікті қамтуды растаусыз бір көзден алу тәсілімен 182 млрд теңгеден астам дәрі-дәрмектерді сатып алу жүзеге асырылды.
Тариф белгілеудің саясатының ойластырылмауы, логистика, есепке алу және шығыстарды бақылау процестеріндегі автоматтандыру деңгейінің төмендігі 17,2 млрд теңгеге экономикалық шығындарға, 538 млн теңге сома қаражатты артық төлеуге әкеп соққан, оның 220 млн теңгесі қалпына келтірілді.
Жалпы аудит қорытындысы бойынша 3,7 млрд теңгеге бұзушылықтар анықталды, соның ішінде:
- қаржылық бұзушылықтар – 538 млн теңге;
- тиімсіз жоспарлау – 2,8 млрд теңге;
- активтерді тиімсіз пайдалану – 385 млн теңге;
- бюджеттің ықтимал шығындары – 21,7 млрд теңге.
Аудит жүргізуге кедергі келтіргені үшін Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің басшысы әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Анықталған бұзушылық фактілері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына жіберілетін болады. Әкімшілік құқық бұзушылық белгілері бар 134 факт әкімшілік іс жүргізуді қозғау үшін уәкілетті органдарға берілді.
