Қайта өңдеуге қарсы белсенділерге қысым көрсетілген
15 шілдеде Астанада Қазақстанның құрылыс және өнеркәсіп министрлігінің ғимаратына еліміздің әр өңірінен келген 20-ға жуық адам келді.

15 шілдеде Алматыда Hyundai Trans Kazakhstan зауытында утилалымға қарсы петицияны қоғамдық тыңдау өтіп, өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің өкілі Әділбек Бектібаев, алдын ала шешім бойынша, шетелден әкелген көліктерді кейін жоюға төленетін утилалым сақталатынын айтты.
15 шілдеде Алматыдағы зауытта талқылау өтіп жатқанда Астанада 20 шақты адам өнеркәсіп және құрылыс министрлігі алдына жиналып, утилалым петициясы бойынша қоғамдық тыңдауға наразылық білдірді.
Ақтөбе, Қызылорда және басқа да өңірлерден жиналғандар өнеркәсіп министрі Қанат Шарлапаевтың шығуын талап етті. Оның орнына өнеркәсіп комитетінің төрағасы Азамат Панбаев шықты. Ол «Шарлапаевтың жұмыс графигі тығыз, сондықтан шыға алмайтынын» жеткізді. Министрлікке жиналғандар «Алматыдағы талқылауға бара алмадық, қаржылай мүмкіндігіміз жоқ» деді. Олар тыңдауды зауытта емес, бейтарап орында өткізуді талап етті.
Министрлік айналысында полиция көліктері тұрды, әкімдік өкілі мен полиция жиналғандарға «бұл шараларыңыз заңсыз, тараңыздар» деп ескерту жасады. Кейін утилалымға наразы топ министрлік ғимаратының кіреберісіне кіріп, «министр шықпайынша, ешқайда кетпейміз» деді.
Алматыдағы жиынға «Утилалымға жол жоқ» қозғалысынан «Қайталама металлургия өнеркәсіпшілерінің республикалық одағы» қауымдастығының төрағасы Владимир Дворецкий ғана барған. Тыңдауға петиция авторларының бірі, қоғам белсендісі Санжар Боқаев пен петицияға қарсы басқа да белсенділер қатыспаған.
Алматыдағы талқылауға қатысудан бас тартқан петиция авторлары қалада жеке баспасөз мәслихатын өткізіп, үкімет құрған комиссияның петицияны қабылдамаған шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Утилалымға қарсы петиция авторларының бірі Санжар Боқаев қоғамдық талқылаудың жабық өткеніне наразылығын білдірді.
– Біз петицияны талқылауды халықты шақырып, Республика алаңы, театр я үлкен орында өткізгенін қаладық. Министрлік «кім қатысқысы келеді, сұрақтарыңызға жауап беруге дайынбыз» деген форматта өткізуі керек еді. Бірақ олай жасаған жоқ, отырыстың барлығы жабық түрде, автоөнеркәсіп зауыттарында өтті. Бұл үкіметтің зауыттарды иелік ететін олигархтарға тәуелді екенін көрсетті. Петицияны талқылауды қоғамдық деп айтуға келмейді. Онлайн трансляциясында да пікір білдіруді жауып тастаған. Комиссия құрамындағы алты адам ғана утилалымға қарсы топтан, қалған 34 адам – шенеуніктер, автоөнеркәсіп зауыттарының өкілдері. Біздің талабымыз – үкіметтің отставкасы мен утилалымды төмендету. Сол үшін митинг өткізуге ескертпе береміз, – деді ол.
Қазақстан өнеркәсіп және құрылыс министрлігі утилалымды алып тастау туралы 50 мыңнан аса адам қол қойған петициядағы уәждер шындыққа жанаспайды деп мәлімдеді. Ведомство шетелден әкелген көліктерді жоюға арналған төлемді алып тастау талабын, алдын ала шешім бойынша, қабылдамады. Соңғы шешімді министр қабылдайды. Ал петиция авторлары мен утилалымға қарсылар шешіммен келіспейді.
