Орал тұрғыны әкімдіктен ЖКО зақымдалған көлігі үшін 603 мың теңге өндіріп алды
Жүргізуші Әбілқайыр хан даңғылы мен С.Датов көшесінде апатқа ұшырады. Жол апатының себебі жолдағы шұңқыр болды.

Талапкер Орал қаласының №2 сотына жауапкер «Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен» материалдық залал өндіру жөнінде талап арызбен жүгінген.
Іс материалдарынан Әбілқайыр хан даңғылы мен С.Датов көшесіндегі жолдарының тиісінше жай-күйде болмауына байланысты жол-көлік оқиғасы орын алу салдарынан талапкердің көлігі зақымдалған, сол себепті оған материалдық залал шығын келтірілген.
Осыған орай талапкер сотқа жауапкердің жолдарды күтіп ұстау жөніндегі талаптардың орындамауынан автокөлік оқиғасына жол бергендітен, жауапкерден автокөлік залалының сомасын 787 948 тенге мөлшерінде өндіріп алу туралы талап арызбен жүгінді.
Сот істің материалдарын зерделеп, материалдық залалдың себебі, жолдардың күтіп ұстау жөніндегі талаптардың бұзылу фактісі бойынша Әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің материалдарымен расталынған, алайда сарапшының қорытындысына сәйкес талапкердің автокөлігін жөндеп-қалпына келтіру жұмыстарының құны 603 680,31 теңгені құрайтыны анықтады.
Осыған байланысты, сот талапты ішінара қанағаттандырып, «Орал қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі» мемлекеттік мекемесінен талапкердің пайдасына 603 680 теңге мөлшерінде материалдық залал және 6 037 теңге мөлшерінде мемлекеттік баж төлеу бойынша сот шығыстары өндірілді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.