Камала Харрис Байденнің шешімінен кейін алғашқы мәлімдемесін жасады
Байден президенттік бәсекеден кетуге шешім қабылдағанын, сайлауда АҚШ вице-президенті Камала Харристі қолдайтынын айтты.

CNN-нің жазуынша, Харрис президенттікке үміткер ретінде өзінің кандидатурасын ұсынатынын атап өтті.
«Президенттің қолдауына ие болу мен үшін үлкен мәртебе және мен осы номинацияға лайық болып, оны жеңіп алғым келеді. Сайлауға 107 күн қалды. Біз бірге күресеміз. Біз бірге жеңеміз», — делінген оның мәлімдемесінде.
Байден бұған дейін АҚШ президентін сайлаудан өз кандидатурасын алып тастайтынын жариялаған болатын. Ол өз мәлімдемесінде мерзім аяқталғанға дейін президент болып қалатынын, бірақ қайта сайлауға түспейтіндігін айтты. Сондай-ақ, Байден Камала Харристің демократиялық сайлауға кандидатурасын қолдады.

Камала Харрис туралы не белгілі?
ШЫҒУ ТЕГІ ЖӘНЕ БІЛІМІ
Камала Харрис Калифорнияда иммигранттар отбасында дүниеге келген. Говард университетінде бакалавр дәрежесін алып, Калифорния университетінің заң мектебін бітірген.
КӘСІБИ МАНСАБЫ
1990 жылдан бастап Камала Харрис мансаптық жолында жылдам көтерілді. Прокурордың орынбасары және аудандық прокурордың көмекшісі қызметтерін атқарды. 2003 жылы Сан-Францисконың аудандық прокуроры болды. 2011 жылдан 2017 жылға дейін Харрис Калифорния штатының бас прокуроры болды.
СЕНАТТАҒЫ КЕЗЕҢІ ЖӘНЕ ВИЦЕ-ПРЕЗИДЕНТТІГІ
2016 жылы Камала Харрис АҚШ Сенатына сайланды. Онда бірнеше маңызды комитеттерде белсенді жұмыс істеді. 2019 жылдың қаңтарынан бастап АҚШ вице-президенті қызметін атқарып келеді. Бұл лауазымға тағайындалған алғашқы әйел және африкалық-американдық және азиялық тектес өкіл болды.
РЕЙТИНГІ ЖӘНЕ КЕЛЕШЕГІ
Джо Байден сайлауға қатыспау туралы шешімін жариялаған кезде, Камала Харристің рейтингі 37% болды. Оның алдағы сайлаудағы перспективалары республикашыл Дональд Трампты жеңуге мүмкіндіктері бар екенін көрсетеді.
САЯСИ КӨЗҚАРАСЫ
Камала Харрис экология, қару-жарақты бақылау, полиция реформасы, әлеуметтік құқықтар және сыртқы саясат бастамалары бойынша прогрессивті көзқарастарымен танымал.
ЖЕКЕ ӨМІРІ
Ол заңгер Дуглас Эмхоффқа тұрмысқа шыққан. Олардың бірлескен байлығы 8 миллион доллар деп бағаланады. Харристің балалары жоқ. Ол баптист шіркеуінің мүшесі.
