БҚО-да бюджеттің 10 миллион теңгесін жымқырған әйел сотталды
Сот оны үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

БҚО бойынша Экономикалық тергеу департаменті басшысының орынбасары Ерсайын Жұмабаев Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлері мен заңгерлерінің жасаған қылмыстарының саны азаймай тұрғанын айтады. Алаяқтықтың тағы бір фактісі Теректі ауданында орын алды. Онда мемлекеттік мекеменің заңгері алаяқтық жасады деген күдікке ілінді.
Тергеу мәліметтері бойынша, қаскүнем үлкен мөлшерде мүлікке қарсы қылмыс жасаған. Ол әріптестерінің сенімін асыра пайдаланып, басшылықтың бұйрығымен расталмаған сыйақылары, іссапарлары және жәрдемақылары туралы дұрыс емес мәліметтер берді. Оның банктегі шотына 10 миллион бюджеттік теңге аударылды.
Теректі аудандық соты әйелді алаяқтық үшін кінәлі деп тауып, оны үш жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. Сонымен қатар, оған мемлекеттік қызметте қызмет етуге өмір бойы тыйым салынады. Үкім заңды күшіне енді.
