Оралда жұмысшының көпірден құлап, мерт болуы: тергеу жүргізілуде
Комиссия қайғылы оқиғаның мән-жайларын тергеумен айналысуда.

Қайғылы оқиға алтыншы тамызда болды. Шаған өзенінің үстіндегі жаяу жүргіншілер көпірін жөндеу және қалпына келтіру жұмыстары кезінде 47 жастағы ер адам суға құлап, қайтыс болды. Жұмысшыны құтқару мүмкін болмады. Полицейлердің айтуынша, ер адам суға батып кеткен.
БҚО еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Арман Түйгінбетов көпірді жөндеумен «Батыс Ақжол Строй» ЖШС айналысқанын хабарлады. Мердігер компанияның басшылығы ақпарат бергеннен кейін арнайы комиссия құрылады. Ол трагедияның мән-жайларын тергеумен айналысады.
– Біз кінәні анықтаймыз. Комиссия құрамына жұмыс берушінің, қызметкердің өкілдері кіреді, төраға болып инспектор тағайындалады. Заң бойынша комиссия тағы 10 күнге екі рет ұзарту құқығымен 10 жұмыс күні жұмыс істейтін болады. Барлығы ең көбі 30 жұмыс күні, – деді Арман Түйгінбетов.
БҚО еңбек инспекциясы бойынша басқармадан түскен мәліметке қарағанда, жұмыс беруші мекеме – «Батыс Ақжол Строй» ЖШС-дан металл конструкциялары монтаждаушысының жазатайым қазаға ұшырағаны жөнінде хабарлама түскен.
«Осыған байланысты басқарма жазатайым оқиғаны арнайы тексеру үшін комиссия құрады. Оқиғаның мән-жайы мен себеп-салдары анықталатын болады», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі қазіргі кезде аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Оралда жұмысшы су тасқыны кезінде қираған көпірді жөндеу кезінде суға батып кетті