БҚО-да желіде бейне жарияланғаннан кейін прокурорға қатысты тергеу басталды
Интернетте таралған бейне жұртшылық арасында резонанс тудырды.
Facebook әлеуметтік желісінің пайдаланушысы Айболат Бөкенов облыстың мамандандырылған табиғат қорғау прокуроры Абылай Бискалиевтің күндіз қала көшелерімен мас күйінде серуендеп жүрген бейнесін жариялады. Посттың авторы бұл оқиға жергілікті тұрғындар мен жұртшылық арасында кең резонанс тудырды деп жазады.
— БҚО табиғатты қорғау прокуроры Бискалиев Абылай осылай тұр. Видеода көргендеріңіздей өз өзіне ие бола алмай қалған секілді. Қоршаған ортаны қорғайтын прокурордың өзі қоршаған ортаны бүлдіріп жүрсе айтарға сөз жоқ. Халыққа өзі үлгі болудың орнына, мынаның жасап жүрген ісі ұятқой. Бұл мінез-құлық оның кәсіби беделіне күмән келтіріп қана қоймай, Қазақстан Республикасының Заңына айқын немқұрайлылық танытады. Прокурор заңнаманы бірнеше рет бұзды, бұл оның құзыреттілігі мен этикасы туралы маңызды сұрақтар туғызады, — деп жазады Айболат Бөкенов Facebook парақшасында.
Сонымен қатар, облыстық прокуратураның баспасөз қызметі прокурорға қатысты қызметтік тергеу басталғанын хабарлады. Оның нәтижелері туралы көпшілікке хабарлауға уәде берілді.