Елімізде денсаулық сақтау саласындағы нысандарды терроризмге қарсы қорғау бойынша өзгерістер енгізбек
Жобаның мақсаты денсаулық сақтау ұйымдарында медициналық персоналдың және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша ұйымдастыру шараларын қабылдау.

Елімізде денсаулық сақтау саласындағы нысандарды терроризмге қарсы қорғау бойынша өзгерістер енгізбек, деп хабарлайды агенттіктің тілшісі.
«Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыру бойынша террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы» Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 3 мамырдағы № ҚР ДСМ-40 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №27947 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін: көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы қызметті жүзеге асыру бойынша террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғалуын ұйымдастыру жөніндегі нұсқаулықта:
5-тармақтың 1-тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын: «1) бейнебақылау жүйесі – бейнебақылау камераларының, деректерді беру желілерінің, бағдарламалық және техникалық құралдардың және бейнежазбаларды сақтау құралдарының, сондай-ақ өзара ақпарат алмасуды жүзеге асыратын бағдарламалық және (немесе) техникалық басқару құралдарының жиынтығы;»;
71-тармақта: 4-тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын: «4) төртінші топтағы денсаулық сақтау объектілері – білім алушылардың және персоналдың нақты саны 100 (жүз) және одан да көп адам болатын денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары, бір ауысымда 200 (екі жүз) және одан да көп адам қабылдауға есептелген денсаулық сақтау ұйымдары; 200 (екі жүз) және одан да көп төсекке есептелген стационарлық көмек көрсететін ұйымдар (егер олар басқа өлшемшарттарға жатпайтын болса, ведомстволық денсаулық сақтау объектілері).»;
5-тармақшасы алынып тасталсын», – деп денсаулық сақтау министрлігінің бұйрық жобасында айтылған.
Қазіргі нұсқаулықтың 71-тармағының 5-тармақшасы мынадай түрде жазылған: 5) бесінші топтағы денсаулық сақтау объектілері – білім алушылардың және персоналдың нақты саны 1000 (бір мың) адамнан асатын денсаулық сақтау саласындағы білім беру ұйымдары, ауысымына 500 (бес жүз) және одан да көп келуге есептелген денсаулық сақтау ұйымдары, ұйымдар 500 және одан да көп (бес жүз) және одан да көп төсекке есептелген стационарлық көмек көрсету.