Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Францияда ұсталды: Оған 20 жыл түрме қаупі төніп тұр
Павел Дуров — бірнеше жылдан бері Франция азаматы.
Ресейден шыққан миллиардер, Telegram негізін қалаушы Павел Дуров Францияда ұсталды. Бұл жайында француздың LCI телеарнасына сілтеме жасап ТАСС хабарлады.
Телеарнаның мәліметінше, оның жанында құрбысы және оққағары болған.
Павел Дуров Париж маңындағы Ле-Бурже әуежайында ұсталған. Францияға кәсіпкер жеке бизнес-джетімен Әзербайжаннан ұшып келген дейді телеарнадан.
Бұған дейін ол Францияда іздеу жарияланған адамдар тізімінде болған.
«Құқық қорғау органдары Telegram-да модерацияның жоқтығы және жергілікті қызметтермен ынтымақтасуға құлықсыздық Дуровты есірткі саудасына, балаларға қарсы қылмыстарға және алаяқтық схемаларға сыбайлас етеді деп санайды» деп хабарлайды жергілікті TF1 телеарнасы.
Vc.ru мәліметінше, осы жаңалықтан кейін миллиардерге тиесілі Toncoin криптовалютасының құны 10% бетер төмендеп кеткен.
Кейбір БАҚ тағылған айыптар бойынша ол 20 жылға дейін сотталуы мүмкін деген болжам айтып отыр.
Павел Дуров — бірнеше жылдан бері Франция азаматы. Дегенмен соңғы жылдары негізінен Біріккен Араб Әмірліктерінде тұрып келді.