БҚО-да Ресей Федерациясымен шекараға дейінгі жол қайта жаңартылуда
«ҚазАвтоЖол «ҰК» АҚ БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ФИЛИАЛЫ ұзындығы 71,2 км республикалық маңызы бар «Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» автомобиль жолын қайта жаңартуды жалғастыруда.

Жол-Орталық Азияны Еуропамен байланыстыратын көлік дәліздерінің бірі. Жол пайдаланушылары БҚО Ақсай қаласының, Теректі және Бөрлі аудандарының тұрғындары болып табылады. Сондай-ақ, осы жол бойынша Батыс Қазақстан облысының және жалпы Қазақстанның экономикасы үшін стратегиялық маңызы бар Қарашығанақ газ конденсатты кен орны үшін тасымалдау жүзеге асырылады.
Орынбор облысының шекарасына шығу транзиттік, халықаралық және жолаушылар қатынасын қамтамасыз етеді.
— Мемлекет басшысы автожол желісі-бұл елдің экономикалық және әлеуметтік өмірінің қанайналым жүйесі екенін атап өтіп, жолдарды ауқымды салу мен жөндеуді бастауды тапсырды. «Подстепное-Федоровка-РФ шекарасы» автожолын қайта жаңарту-бұл инфрақұрылымды жақсарту ғана емес, біздің өңір үшін жаңа мүмкіндіктер ашатын, көлікке қолжетімділікті арттыратын, жол жүру уақытын қысқартатын және облыс тұрғындары үшін қауіпсіз жүруді қамтамасыз ететін стратегиялық маңызды жоба, — деп атап өтті Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев.
Жобада үш көлік айрығын, екі көпір құрылысын салу, 80 су өткізу құбырын орнату көзделген. Учаскелерде 180-ден астам жол-құрылыс техникасы мен 220-ден аса адам, екі асфальтбетон зауыты (АБЗ) және үш топырақ араластыру қондырғысы (ГСУ) жұмылдырылды.
«Подстепное-Федоровка» автожолын қайта жаңартуды аяқтау келесі жылы жоспарланған.