Тоқаев: 2 млн ірі қара мен 3 млн уақ мал санда бар, санатта жоқ
Президент көзбояушылық жасағандарды жауапкершілікке тартуды тапсырды.
Агроөнеркәсіп кешенін тікелей субсидиялау тәсілінен арзан несие беру тәсіліне біртіндеп көшу – аса маңызды міндет. Бөлінген қаражаттың бәрі тиімді жұмсалуға тиіс. Алайда шындыққа жанаспайтын ақпарат беру, басқаша айтқанда, мәліметтерді бұрмалау ауыл шаруашылығындағы шынайы ахуалды бағалауға кедергі келтіріп отыр. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында айтты, деп хабарлайды Halyq Uni.
Оның сөзінше, арнайы комиссия 2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ екенін анықтаған. Егін шаруашылығы саласында да осындай жайттар бар екені белгілі болып отыр.
Шын мәнінде, мұның бәрі – мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылық. Ондай қылмыстық әрекеттерге тосқауыл қою қажет. Ал мұндай іспен айналысқан адамдарды жауапкершілікке тарту керек, – деді Президент.
Тоқаевтың айтуынша, жер – ауыл шаруашылығы саласына инвестиция тартудың басты кепілі. Жер телімдерін қайтару жөніндегі арнайы комиссия әкімдіктердің ауыл шаруашылығы алқаптарын конкурс өткізбей-ақ беру туралы 2 мыңнан астам заңсыз шешім қабылдағанын анықтаған.
Бұл мәселе қатысты екіұшты ұстаным болмауы қажет. Заңсыз алынып, пайдаланылмай жатқан жер оңтайландырылған рәсім бойынша мемлекетке қайтарылуға тиіс. Ал жерді пайдаланушы оған инвестиция салып, адал еңбек етіп жатса, жұмысқа бөгет жасамау керек. Сондай-ақ, оның ауылды көркейтіп, тұрғындарға тұрақты жұмыс беріп отырғанын да ескерген жөн, – деді Президент.