БҚО тұрғындардың шөбін қасақана өртеген адам ұсталды
Ауыл тұрғындарының айтуынша, қаскүнем бес ауладағы жиналып тұрған шөпті өртеген.
Шыңғырлау ауданы орталығы Шыңғырлау ауылында бірінен соң бірі төрт үйдің ауласы отқа оранды.
БҚО ТЖ департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, оқиға 1 қыркүйек күні таңмен болды.
«Сағат 07.11-де Шевцов көшесі, 16 мекенжайында жеке үйдің ауласында 60 бума шөп (40 шаршы метр, 15 тонна) пен 70 шаршы метр қораның төбесі өртенді. Сол уақытта Шевцов көшесі, 8/1 мекенжайында 15 бума шөп (20 шаршы метр, 3,7 тонна) жанды. Сағат 07.30-да Ғ.Мұратбаев көшесі, 36/1 мекенжайында 28 бума шөп (30 шаршы метр, 7 тонна) тиелген тіркеме отқа оранды. Сағат 07.59-да Амангелді көшесі, 59-үйдің ауласында 20 бума шөп (24 шаршы метр, 5 тонна) жалынға шарпылды. Оқиға орнында өрт сөндірушілер жұмыс істеп, «тілсіз жау» ауыздықталды. Зардап шеккендер жоқ. Барлығы 30,7 тонна шөп күлге айналды. Алдын ала мәлімет бойынша төрт өрт те қасақана от қоюдан шыққан», деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, ауылдасының пішенін өртеп жіберген күдікті ұсталды.
Ол қасақана от қойып, 1964 жылғы тұрғынның 60 бума шөбін өртеп жіберген. Келген залал – 800 мың теңге.
Жедел іздестіру шаралары барысында бейнекамераның көмегімен қолға түскен күдікті сол ауылдың 26 жастағы тұрғыны болып шықты.
Қазіргі кезде ҚР ҚК 202-бабы 1-бөлігіне (бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Аталған бап бойынша айыпты деп танылған адам бес жүзден екі мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не үш жүзден алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.