Жігіт қалжыңдаймын деп Алматы-Орал бағытындағы ұшақты бір сағатқа кешіктірді
Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
1 қыркүйекте Алматы-Орал бағытындағы рейске мінген жігіт ұшақ ішінде бомба бар деп хабарлаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Желіде ұшақ ішіндегі жағдай мен жалған ақпарат таратқан жігіт түсірілген видео тарады. Кадрлардан кинолог пен полиция қызметкерлерін байқауға болады. Олар жігіттің жүгін тексеріп жатыр.
«1 қыркүйек күні Алматы-Орал ұшағында жолаушы жігіт қалжыңдауға бел буып, рейсті бір сағатқа кешіктірді. Айыппұл көлемі қанша?», – деп жазылған видео сипаттамасында.
Аталған ақпаратқа қатысты Stan.kz тілшісі Алматы қаласы Көліктегі полиция департаментінен пікір сұрап білді.
«Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Өзге ақпарат Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес жария етуге жатпайды», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, Қылмыстық кодекстің 273-бабы (Терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау) бойынша дайындалып жатқан терроризм актiсi туралы көрiнеу жалған хабарлау үшін 5 мың айлық есептік көрсеткіш (18 миллион 460 мың теңге) мөлшерінде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына не бес жылға дейінгі мерзімде бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатынын еске саламыз.