Қазақстан жалғыз алтын қорларын сатып жатқан ел болып шықты
Басқа елдер, әлемдік бағалардың өсуіне қарамастан, алтын қорларын арттыруға ұмтылып жатыр.
2024 жылдың шілдесінде Қазақстанның Ұлттық банкі өз алтын-валюта қорларын арттырмай, керісінше, оларды сатумен айналысқан жалғыз ұлттық банк болды. Басқа елдер, әлемдік бағалардың өсуіне қарамастан, алтын қорларын арттыруға ұмтылып жатыр, деп хабарлайды Orda.kz.
Дүниежүзілік алтын кеңесінің мәліметінше, шілде айында Ұлттық банк төрт тонна бағалы металды сатқан. Нәтижесінде оның алтын қоры 295 тоннаға (жалпы резервтердің 55 %-ы) дейін азайды. Жыл бойы алтынды сатумен Филиппин, Таиланд, Кюрасао, Сингапур, Германия және Кабо-Верде орталық банктері де айналысты. Жыл басынан бері алтынды ең көп сатып алған елдер қатарында Түркия, Үндістан, Польша, Қытай және Әзербайжан көш бастап тұр.
Алтынның әлемдік бағасы соңғы айларда өсіп келеді — бұл Ұлттық банктің дәл қазір өз резервтерін сатуының себептерінің бірі болуы мүмкін. Дегенмен, әлем бойынша орталық банктер алтынды ең сенімді актив ретінде белсенді түрде сатып алуда. Шілде айында олар өз алтын қорларын 37 тоннаға арттырып, алдыңғы аймен салыстырғанда көрсеткіштерін екі есеге ұлғайтты. Сәуір айында Қазақстандағы алтын бағасы рекордтық деңгейге жетті.