Батыс Қазақстанда мотоциклге мінген 19 жастағы жігіт мерт болды
Жас жігіт жарық тірегіне соғылған.
БҚО полиция департаментінің мәліметінше, екінші қыркүйекте сағат 00:50-де Бөрлі ауданы Бөрлі ауылында 19 жастағы мотоциклші басқарудан айырылып, жарық тірегіне соғылған. Жол-көлік оқиғасы салдарынан жолаушы қаза тауып, тағы біреуі ауруханаға жеткізілді.
ЖКО фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізілуде.
Сондай-ақ, Орал қаласында скутердің қатысуымен кезекті апат орын алды.
ЖКО бесінші қыркүйекте сағат 15:20-да Абай даңғылы мен Айтиев көшесінің қиылысында болған.
БҚО полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қиылыста Chevrolet пен скутер соқтығысқан. Екі доңғалақты көліктің жүргізушісін әртүрлі жарақаттармен жедел жәрдем көлігі алып кетті. Бұл жерде полиция қызметкерлері жұмыс істеуде. ЖКО-ның өзге де мән-жайлары анықталуда.
Айта кетейік, соңғы уақытта скутерлердің, мотоциклдердің, мопедтердің және екі доңғалақты көліктің басқа да түрлерінің қатысуымен болған апаттар саны жиілеп кетті. Мысалы, тамыз айында бір күнде осындай төрт апат болды. Содан кейін тәртіп сақшылары 2024 жылдың басынан бері облыста мотоциклдің қатысуымен 87 ЖКО орын алғанын, онда төрт адам қаза тауып, 74 адам жарақат алғанын хабарлады.