Артық жұмыс істегендерге қанша үстемеақы төленуі керек – заң талаптары
Еңбек кодесінің 78-бабында үстеме жұмыстың шекті санына қатысты нақты талап көрсетілген.
Қазақстанда күнделікті жұмыстың ұзақтығы заңмен бекітілген. Ал одан артық уақыт бөлек есептеледі. Sputnik Қазақстан артық жұмысқа төленетін ақыға қатысты заң талаптарын ұсынды, деп хабарлайды Halyq Uni.
Артық жұмысқа кімді тартуға болмайды?
Еңбек кодексіне сәйкес, күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспауға тиіс. Ал жұмыстың басталу және аяқталу, үзілістер уақыты ұжымдық шарттарда белгіленеді.
Заң бойынша артық істелген жұмыс «үстеме жұмыс» саналады. Ондай жұмыстарға тарту үшін адамнан жазбаша келісім алу қажет. Бірақ бірнеше жағдайда келісім алынбайды.
Олар:
- елдің қорғанысы, төтенше немесе соғыс жағдайын енгізу, төтенше жағдайды жариялау үшін қажетті жұмыстарды жүргізу кезінде, сондай-ақ төтенше жағдайларды, дүлей зілзаланы немесе өндірістік апатты болдырмау не олардың зардаптарын дереу жою үшін не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының шешімі бойынша өзге де шектеу іс-шараларын, оның ішінде карантинді енгізу кезінде;
- тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің қалыпты жұмыс істеуін бұзатын өзге де мән-жайларды жою үшін;
- жұмыста үзіліс жасауға болмаса, ауыстыратын жұмысшы келмей қалғанда басқа жұмысшымен ауыстыру шараларын дереу қолдана отырып, жұмысты жалғастыру үшін;
- денсаулықтан айырылу немесе өлім қаупі төнген азаматтарға шұғыл және кезек күттірмейтін жәрдем көрсету кезінде.
Сондай-ақ үстеме жұмысқа мына адамдарды тартуға болмайды.
- жүкті әйелдер;
- 18 жасқа толмағандар;
- мүгедектігі бар адамдар.
Үстеме жұмыстың шекті көлемі қандай?
Еңбек кодесінің 78-бабында үстеме жұмыстың шекті санына қатысты нақты талап көрсетілген. Оған сәйкес, үстеме жұмыстар әрбір жұмысшы үшін тәулік ішінде – екі сағаттан, ал ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда бір сағаттан аспауға тиіс.
Үстеме жұмыстың жалпы ұзақтығы жұмыс уақытын жиынтық есепке алуды белгілеу кезінде 4 күндік, 5 күндік және 6 күндік жұмыс аптасында айына 12 сағаттан және жылына 120 сағаттан аспауға тиіс, – делінген заңда.
Ал жұмыс беруші жұмысшының нақты жұмыс істеген уақытын есепке алуға міндетті. Сол кезде үстеме жұмыстар уақыты, түнгі уақыттағы, демалыс, мереке күндеріндегі жұмыстар, іссапар күндері бөлек есепке алынады. Соның бәрі актпен рәсімделеді.
Үстеме жұмыс үшін төленетін ақы
Үстеме уақыттағы жұмыс үшін 1,5 еседен төмен болмайтын мөлшерде ақы төленеді. Мәселен, жұмысшы бір айда 6 сағат артық жұмыс істеген. Жалақысы – 200 мың теңге. Алдымен оның бір сағатта табатын табысын есептеу керек. Бір айда 160 сағат жұмыс істеген жағдайда 200 000/160=1250 теңге. Енді артық істеген 6 сағатты 1 250 теңгеге және 1,5 еселенген мөлшерге көбейтеміз. Осылайша, жұмысшы айдың соңында өз жалақысына қоса, артық істеген 6 сағаты үшін тағы 11 250 теңге алады. Одан да салық ұсталады.
Ал еңбекке кесімді ақы төлеу кезінде жұмысшының белгіленген күндік мөлшерлемесінің 50 пайызынан төмен болмайды. Оған қоса, үстеме жұмыстың бір сағаты үшін тынығуға кемінде бір сағат берілуі шарт.