Ауыл тұрғындары киік аулады деп айыпталып, заңсыз сотталған – депутат
Сот сол киіктің мүйіздерін бір тиындық құны жоғы себепті, қажеттілігі болмауына байланысты өртеуге үкім шығарады. Соттың да, Үкіметтің де әрекеттерінде заң былай тұрсын, ешқандай логика жоқ.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспан елімізде киік аулады деп айыпталып, заңсыз сотталған ауыл тұрғындарының жанайқайын айтты, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Депутаттық сауал Бас прокурор Берік Асыловқа жолданды.
Еліміздің батыс өңіріндегі киікке қатысты және сол киіктің шамадан тыс көбеюі салдарынан туындаған жергілікті шаруалар мәселесін былтырдан бері тұрақты түрде көтеріп келемін, алайда Үкімет бұл мәселелерді шешуде қауқарсыздық танытып жатыр. Бүгін осыдан туындаған және бір мәселе – киіктің дериваттары үшін көпе-көрінеу заңсыз, әділетсіз сотталып жатқан ауыл азаматтарының жағдайын айтамын. Иә ағайын, киіктің дериваттары, яғни мүйізі үшін сотталып жатқандар – аң атуды кәсіп қылған браконьерлер емес немесе ұйымдасқан қылмыстық топтар емес, қарапайым ауыл тұрғындары, – деді Абзал Құспан.
Депутат олардың әділетсіз сотталғаны туралы нақты дәлелі барын атап өтті.
Мен оқып танысқан 100-ден аса сот актісі бар. Киікті атпаған, бірақ оның мүйізін сатқан (жинаған, сақтаған, тасымалдаған) адамдарды қоршаған ортаға миллиондаған, тіпті миллиардтаған теңгеге залал келтірді деп, жаппай соттау практикасы 2021 жылдың тамызынан басталған. Оған негіз – мына менің қолымдағы, Жоғарғы Соттың сол кездегі қылмыстық істер жөніндегі алқа төрағасы болған Абдрашит Жүкеновтің облыстық сот басшыларына жолдаған нұсқау хаты.
Хат қылмыстық кодекстің 339-бабын түсіндіру (разьяснение) деп аталғанымен, мәні бойынша тікелей нұсқау формасында рәсімделген. Ол хаттың жазылуына, өз кезегінде сол кездегі бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовтің ақпараты негіз болған», – деді ол.
Салдарынан, киікті атуға қатысы жоқ азаматтар бұрын Қылмыстық кодекстің 339-бабы 1-бөлігімен сотталып келсе, 2021 жылдың тамызынан бастап, сотталғандардың әрекеті сол баптың 3 бөлігімен дәрежеленген. Осылайша, олардың мойындарына жүздеген миллионнан, бірнеше миллиардтаған сомаға айыппұлдар салынып, нақты бас бостандығынан айырылған.
«Бұл жерде мен зерделеген сот актілеріндегі негізгі қателік ол кез-келген қылмыстық іске қатысты қолданылатын басты принцип – қылмыстық әрекетпен одан келген залалдың арасындағы себеп-салдардың байланыстың (причинно следственная связь) анықталмауы.
Барлық жағдайда іс бір сценариймен жүреді. Киіктің мүйіздері табылады, іс қозғалып, Үкімет тарапынан экология министрлігінің уәкілетті комитеті арқылы киіктің құны шығарылады (бір киік – 2,5 млн теңге), ал тергеу органдары мен сот азаматты киікті өлтіру арқылы табиғатқа аса ірі мөлшерде зиян келтіргені үшін соттайды.
Алайда киіктің өлу себебі тергеу де, сот та анықталмайды!
Одан басқа, сот сол киіктің мүйіздерін бір тиындық құны жоғы себепті, қажеттілігі болмауына байланысты өртеуге үкім шығарады. Соттың да, Үкіметтің де әрекеттерінде заң былай тұрсын, ешқандай логика жоқ!», – деді Абзал Құспан.
Ол биыл жазда заңсыз сотталған азаматтардың туыстарымен кездескенін айтты.
«БҚО адвокаттар алқасында жиналыс өткіздім. Өзім білетін судьяларға да жолықтым, бәрінің айтатыны – Жоғарғы соттан келген нұсқау хат.
Павлодар қаласындағы түрмеде жазасын өтеп жатқандармен де кездестім. Ол жерде 58 азамат отыр, әрқайсысының мойнында мына ғұмырларында өтеп бола алмайтын залал бар. Салдарынан көптеген отбасы ажырасып жатыр.
Ең сорақысы, іштерінде бірде-бір браконьер жоқ. Есесіне, Ауған соғысында басынан зақым алып, жүйке аурулары салдарынан өз әрекетіне жауап бере алмайтын азамат отыр, – деді депутат.
Ол Бас прокурор төмендегі мәселелерге назар аударуы керек деген ұстанымда:
- Сізге дейінгі Бас прокурор тарапынан Жоғарғы сотқа жолданған ақпаратты кері қайтаруды;
- Жоғарғы соттың облсот төрағаларына жолдаған 2021 жылғы тамыздағы нұсқау-хаттың күшін жоюға;
- Қылмыстық кодекстің 339-бабы, 3-бөлігімен шыққан сот үкімдеріне талдау жүргізіп, наразылық беруді сұраймын.