БҚО әйелдерін онкологтардан тегін тексеруге шақырады
Әйелдерді тегін тексеруге облыстық онкологиялық диспансерге шақырады.
Еліміздің барлық мемлекеттік онкологиялық ұйымдары ашық есік күнін өткізеді.
14 қыркүйекте Қазақстанның мемлекеттік онкологиялық орталықтарында гинекологиялық қатерлі ісіктің алдын алуға және ерте диагностикалауға арналған әйелдер үшін ашық есік күні өтеді.
Бұл күні мамандар кеңес беруге, тексерулер жүргізуге және әйелдер денсаулығына қатысты барлық сұрақтарға жауап беруге дайын болады.
ММС жүйесіндегі сақтандыру мәртебесіне қарамастан, барлық ниет білдірушілер онкологтардан тексере алады. Қабылдау сағат 9:00-ден 13:00-ге дейін жүргізіледі. Өзіңізбен бірге жеке куәлігіңіз болуы қажет.
Тексеру мына мекенжай бойынша жүргізіледі: Алматы көшесі, 58, Чувашинская аялдамасы (автобуспен жүру№33, №43, №52). Қосымша ақпаратты мына нөмір бойынша алуға болады: +7-7112-91-80-52. Орал қаласының барлық емханаларында және аудандық ауруханаларда Ашық есік күндері ұйымдастырылады.
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елімізде орфандық, онкологиялық ауруларды емдеуге арналған препараттар қоры жеткілікті екеніне, ал бұл мәселеге қатысты «Қазақстан халқына» қорымен түсініспеушіліктер реттелетініне сендірген еді.
Ол сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорымен бірлескен жұмыс туралы айтты. – Онкологиялық жоспарды іске асыру шеңберінде «Қазақстан халқына» қаражаты есебінен сатып алынуы тиіс дәрілік препараттардың тізбесі айқындалды. Бірақ оларды бірыңғай дистрибьютор тізбесіне енгізуге байланысты қор бұл дәрілерді республикалық бюджет есебінен сатып алу керек деп есептейді, – деп атап өтті Ақмарал Әлназарова.