«Россия халқы Оралға қашып келуде». Фейк ақпарат таратқан әйел айыппұл арқалады
Орал қаласының Әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты Орал қаласының тұрғынын жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Батыс Қазақстан облыстық соты баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға қаладағы «Достық» сауда үйі маңында өрбіген. Азамат М. Ресей Федерациясының жоғары оқу орындарына түсіп, Қазан қаласына аттанып бара жатқан Батыс Қазақстан облысының орта мектеп түлектерінің (шамамен 135 адам) автобусқа орналасып жатқан сәтін видеоға түсіріп алған.
«Автобустың мұнша толы болуының себебін нақты білместен ол «Ресей азаматтары Қазақстанға қашып келуде» деген оймен видеоны WhatsApp арқылы жолдасы И-ға жіберген. Ал, азаматша И. бұл видеоны еш ойланып жатпастан TikTok-тағы парақшасына «Россия халқы Орал қаласына қашып келуде» деген атаумен жүктеп, интернет желісінде жалған ақпарат таратқан», делінген сот хабарламасында.
Сотта азаматша И. өз кінәсін толық мойындайтынын, бейнематериалды қазіргі сәтте өшірілгенін және полиция қызметкерлерінің оған түсіндірме жұмыстарын жүргізгенін айтты.
Сот істің материалдарын және бейнежазбаны зерттей отырып, оған 73 840 теңге айыппұл салу туралы шешім шығарды.