«Ақшасы барлар ғана өмір сүреді»: Денсаулық сақтау министрлігі сирек кездесетін науқастарға берілетін тегін дәрілердің тізімін қысқартты
Ондаған дәрі-дәрмек тегін медициналық көмек пен міндетті медициналық сақтандыру тізімінен шығарылған.
Денсаулық сақтау министрлігі сирек кездесетін ауруларға шалдыққан науқастарды тегін дәрі-дәрмектен айырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31 арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ондаған дәрі-дәрмек тегін медициналық көмек пен міндетті медициналық сақтандыру тізімінен шығарылған. Тиісті бұйрыққа денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова қол қойды. Оған сәйкес кейбір дәрі-дәрмектер 21 қыркүйектен бастап берілмейді.
Тегін медициналық көмектен айырылған науқастардың бірі петропавлдық 6 жасар Марк, бүлдіршін муковисцидозбен ауырады. Бұл бездердің жұмысының бұзылуына байланысты туа бітті ауру. Тыныс алу және ас қорыту жүйелері ең көп зардап шегеді. Бала күнделікті дәрі-дәрмексіз және ингаляциясыз өмір сүре алмайды, дейді баланың анасы.
“Бюджет біздің, халықтың осал топтары, сирек кездесетін науқастар, негізінен балалардың есебінен ұсталады. Әр жолы осы препараттар үшін, дәрі-дәрмек үшін, терапия үшін күресеміз, қазір де осындай тырыңырыққа тіреп қойды. Дәрі-дәрмекке ең төменгі көрсеткіш айына 400 мың теңгеден басталады, бұл да егер баланың жағдайы тұрақты болса ғана. Қарапайым отбасы мұны көтере алмайды”, – дейді баланың анасы Яна Майсак.
Миастениямен ауыратын науқастар да дәрісіз қалған. Елімізде бұл дертке шалдыққандар саны 3 мыңға жуық. 6 жыл бойы тегін дәрі-дәрмек алу құқығы үшін күрескен бұл санаттағы науқастарға тегін көмек жыл басында ғана беріле бастағанымен, алдағы бір-екі күнде бұл көмек те тоқтатылады.
“Барлығы жас әйелдер. Олар жұмыс істей алады, бала босана алады, бірақ дер кезінде диагноз қойылып, дұрыс емделулері қажет. Ал біздің денсаулық сақтау министрлігі: «Сіздерді емдеу қымбат» дейді. Қазіргі жүйеде тек ақшасы барлар ғана өмір сүре алады”, – дейді Қазақстандағы миастения науқастарының бейресми қоғамдастығының жетекшісі Анар Иманбекова.
Қоғам қайраткері Аружан Саин мыңдаған адамға келгенде қаржы тапшылығын себеп етіп көрсету оғаш дәлел деп есептейді. Оның айтуынша, денсаулық сақтау бюджеті ұтымды және 100% ашық бөлінсе, сыбайлас жемқорлық факторларын алып тастаса, салық төлеушілерге қажетті барлық нәрсеге қаржы жеткілікті болар еді. Аружан Саин тегін дәрі-дәрмек беру функцияларын қайырымдылық қорларына беруді абсурд деп атады.
“Бұл мүмкін емес, өйткені үкіметтік емес ұйымдар мемлекеттік органдардың функцияларын орындай алмайды және орындамауы да керек. Дәрі-дәрмектің көпшілігі онша қымбат емес, балаларға арналған дәрілерді сатып алғаннан бюджетіміз кедейленіп қалмайды. Бірақ бұл препараттарды қайырымдылық ұйымдарға сатып алу міндеттемелеріне беру бос сөз. Әлемнің еш жерінде мұндай тәжірибе жоқ”, – дейді «Милосердие» қайырымдылық қорының басшысы Аружан Саин.
Маман тығырықтан шығудың жолы бар екеніне сенімді. Оның айтуынша, ТМД елдері мұндай науқастарға сирек кездесетін дәрілерді сатып алу үшін бірлесіп жұмыс істей алады. Сондай-ақ маман бірыңғай медициналық ақпараттық жүйе құру қажеттігін де атап өтті.