Былтыр 42 мың киік жойылған
Шаруаларға шамамен 10 млрд теңге шығын келген.
2023 жылы Қазақстанда 42 мың киік жойылды. Бұл туралы Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев айтты, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.
Киіктердің санын реттеу мәселесі Үкіметтің қаулысымен шешілді. Бұған олардың саны өскені және ауыл шаруашылығына зиян келтіргені негіз болды. Мысалы, 2023 жылы 42 мың бас киік жойылды. Қазір бұл жұмыс мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес тоқтатылды, – деді Ерлан Нысанбаев.
Елімізде ауылшаруашылық мақсатындағы жерлерде киіктер шамадан тыс көбейіп, салдарынан олар қожалықтарға тиесілі шабындық пен жайылымдарды таптап, шаруалар шығынға батқан еді. Бүгінде министрлік залалдың көлемін анықтаған.
Қателеспесем, киіктер шамамен 10 млрд теңге (ауыл шаруашылығына) залал келтірді. Киіктің санын реттеуге және оларды атуға ғылыми негіздеме алдық. Онда оның саны нақты көрсетілді, – деді министр.
Ол киіктерді ату олардың популяциясына зиянын тигізбегенін, бүгінде елімізде 4,1 млн бас ақбөкен барын атап өтті.
Сөз соңында Ерлан Нысанбаев атылған киіктердің еті өңделгенін жеткізді.
4 өңірдегі ет комбинаттарымен келісімшарт жасалды. Олар өнімді бөлшек саудада сатуды қамтамасыз етті, – деді ведомство басшысы.