«Көлік салығы азаяды, шот бұғатталмайды». Жаңа салық кодексінен халық не күтеді
Берешек көлемі белгілі бір сомадан аспаса борышкерге хабарлама жіберіліп, салығын төлеуге бір ай уақыт беріледі.
Енді салық берешегі 73 840 теңгеден аспайтын қазақстандықтардың шоты бірден бұғатталмайды, яғни, тек ескертумен шектеледі. Бірақ қарызды толық өтемейінше өсімпұл қосылып отырады. Берешек көлемі осы сомадан асып 166 400 теңгеге дейінгі аралықта болса, борышкерге хабарлама жіберіліп, салығын төлеуге бір ай уақыт беріледі. Өтемесе, шотындағы шығыс операциялар тоқтатылады, деп хабарлады 31 арнаның «Информбюро» ақпараттық бағдарламасы.
Жаңа салық кодексінде «сән салтанат» салығы енгізіліп, түрлі қажетті-қажетсіз жеңілдіктер күшін жояды. Банк секторы мен ойын бизнесі үшін сараланған салық мөлшерлемесі қолданылады. Яғни, мөлшерлеме 25 пайызға дейін көтеріледі. Бастысы, жеке табыс салығы да адамның табысына қарай бекітіледі. Әрі бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы қаржысын пайдаланған салымшылар жеке табыс салығын төлеуден босатылады.
«Жиынтық құны 450 миллион теңгеден асатын жылжымайтын мүлік нысандары бойынша мүлік салығының жоғары мөлшерлемесін қолдану ұсынылады. Кедендік құны 75 миллион теңгеден асатын жеңіл автомобильдерге акцизбен қосымша салық салынады. Бұл тәртіп қымбат алкоголь және темекі өнімдеріне, сондай-ақ қымбат теңіз кемелеріне, ұшу аппараттарына да қатысты пайдаланылады», – деді Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин.
Ал ескі көліктер үшін төленетін салық сомасы айтарлықтай төмендейді. Яғни, құжатқа сәйкес зауыттан шығарылғанына 10 жылдан асқан автомобильдер үшін төлем – 30 пайызға, 20 жылдан асқандары үшін 50 пайызға азаяды. Әрі салығын уақытылы төлей алмаған адамдардың шоты бұғатталмайды. Өйткені алдымен борышкерге берешек туралы ақпарат жолданады. Сәйкесінше, төлем кешіктірілген әр күнге өсімпұл қосылатыны да ескертіледі. Бұл тәртіп қарызы 73 840 теңгеден аспайтын азаматтарға қатысты болмақ.
«Берешегі 73 840 теңгеден басталып, 166 400 теңгеге дейінгі соманы құраса да борышкерге хабарлама жіберіледі. Яғни, біз салықты 30 күн ішінде төлеңіз, болмаса шара қолданылады деп ескертеміз. Өтесе ешқандай талап қойылмайды. Өтемесе – шоттары бұғатталады. Ал, сол күйі қарызын төлемесе шектеу шараларынан бөлек мәжбүрлеп өндіруге кірісеміз. Осылайша, салық сомасын саралағалы отырмыз», – деді Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов.
Сондай-ақ, айлық табысы 1 миллион 250 мың теңгеге, ал жылдық кірісі 15 миллион теңгеге жетпейтін өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған тұлғалар жеке кәсіпкер болып тіркелуге міндетті емес. Яғни, бұл санаттағы азаматтар үшін жеке табыс салығы нөлге тең. Бастысы, кірісінің 4 пайызын зейнетақы, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жарналары мен әлеуметтік аударымдар есебінде төлесе болғаны.
Дереккөз: Informburo.kz