Қазақстанда жол көлік ережелеріне өзгертулер енгізілді: Кімдерге айыппұл салынбайды
Елімізде енді күндіз көлігінің жарық шамдарын жағуды ұмытып кеткен жүргізушілерге бірден айыппұл салынбайды. Оларға алдымен ескерту беріледі.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информ бюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Мәліметтерге сенсек, тәртіпті қайта бұзса, 11 000 теңге төлеуге міндеттеледі. Сондай-ақ жүргізуші куәлігін алмай тұрып, мас күйінде көлік басқарған адамдар да кемі 7 жыл емтихан тапсыру құқынан айырылады.
Бұдан бөлек заңға «орташа жүру жылдамдығы» ұғымы енгізіліп отыр. Дәл осы ережені екінші рет бұзсаңыз хаттама толтырып, айыппұл салынады. Жүргізушілер айыппұл санының азайғанын қолдайды. Бірақ бұдан өзге де ережелерді қайта қарау қажет деп отыр.
«Анау «стоп» жолақты және жаңадан енгізген бағдаршамның сары түсін алып тастау керек. Әйтпесе, әрбір екінші адам айыппұл төлеп жатыр», – деп шағымданды жүргізуші.
Сондай-ақ техникалық байқау шарттарын бұзғандар үшін де айыппұл көлемі өседі. Мәселен, шағын кәсіпорындарға салынатын айыпақы 37 мың теңгеден 185 мың теңгеге дейін ұлғайып, 5 есе көбейеді.
Ал техникалық байқау қағидасын өрескел бұзғаны нақтыланса, қызметі тоқтатылады. Бұдан бөлек, заңға «орташа жүру жылдамдығы» ұғымы енгізіліп отыр. Ол айналмалы жолдары жоқ қала сыртындағы және түзу сызықты учаскелерде автоматты түрде есептеледі. Сәйкесінше, тәртіп трассаның нақты бір бөлігін жүргізушінің қандай жылдамдықпен жүріп өткенін анықтауға мүмкіндік бермек.
Парламент сенатының депутаты Қайрат Тастекеев «орташа жылдамдық» ұғымын енгізудің маңызын түсіндірді.
«Орташа жылдамдық» ұғымын енгізу сертификатталған арнайы бақылау-өлшеу техникалары орнатылған жолдың барлық уческелерінде жүргізушілердің жылдамдығын төмендетуге және жылдамдық режимінен асып кетуіне байланысты жол көлік оқиғаларының санын азайтуға мүмкіндік береді», – деді депутат.
Айта кетейік, келесі түзету жүргізуші куәлігі жоқ азаматтарға қатысты болып отыр. Енді куәлікке тест тапсырмай тұрып мас күйінде көлік басқарғандар емтиханнан 7 жылға шеттетіледі. Қазіргідей 20 тәулік отырып шыққан соң емтихан тапсыруға рұқсат берілмейді. Ал медициналық куәландырудан өтуден бас тартқандар үшін тыйым сегіз жылға салынады.