Оралда «қала күнінде» алаңда мас жүрген жігіт айыппұл арқалады
Әлеуметтік желіде алаңдағы Кітапқа арналған ескерткіштің үстіне шығып алып, көпшіліктің назарын өзіне аударған жігіттің видеосы тараған еді.
Оралдағы қала күніне арналған концерт кезінде Тұңғыш Президент алаңындағы биіктігі 5 метр Кітапқа арналған ескерткіштің үстіне шығып кеткен жігіттің видео тараған болатын.
БҚО полиция департаменті оған ҚР ӘҚБтК 440-бабының 1-бөлігі бойынша «Алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе қоғамдық орындарда мас күйінде жүру» әкімшілік хаттамасы жасалғанын хабарлады.
Оған 5 АЕК (18460 теңге) айыппұл төлеуге тура келеді.2016 жылы Кітапқа арналған ескерткіш осы қала күнінде ашылған болатын. Кітап ескерткіш Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы амфитеатр жанында орналасқан. Композицияның биіктігі 5, ені 3 метр. Онда тек Орал қаласында туып өскен ғана емес, бүкіл әлемге еңбегі сіңген ақын-жазушылар аты жазылған. Бірінің үстіне бірі қойылған топтамадағы кітаптардың сыртында әл-Фараби, Абай, Махамбет, А.С.Пушкин, М.А.Шолохов, Ғұмар Қараш, Жұбан Молдағалиев, Хамза Есенжанов, Қадыр Мырза Әли есімдері көрініс тапқан.
«Сонымен қатар бұл күні ұсақ бұзақылықтың 19 дерегі тіркеліп, алкогольдік ішімдік ішкен 23 адам ұсталып, 38 адам уақытша бейімдеу және детоксикация орталығына жеткізілді», – деп хабарлады БҚО ПД.
Сонымен қатар тәртіп сақшылары мас күйінде төрт жүргізушіні ұстаған.