БҚО-да 100 млн теңгенің жері жүз есе арзанға сатылған
Аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығы сотталды.
Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданының жер қатынастары бөлімінің басшысы құны 107,3 млн теңге болатын 46 гектар жерді 100 есе арзанға сатып жіберген.
Учаскені жеке меншікке беру кезінде белгіленген төлемнің базалық мөлшерлемесі негізсіз төмендетілгені, осылайша учаскелер 1,1 млн теңге көлемінде төмен бағамен сатылғаны анықталды, ал нақты бағасы 107,3 млн теңге болған, – делінген прокуратура хабарламасында.
Аудандық жер қатынастары бөлімінің бастығына қатысты қызметтік өкілеттіктерді асыра пайдаланғаны үшін арнайы прокурорлар сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүргізді. Қылмыстық іс аудандық сотқа жіберілді.
2024 жылдың 16 қыркүйегінде сот айыпталушыны кінәлі деп тауып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.
Мемлекетке келтірілген шығынды өтеу туралы талап толығымен қанағаттандырылды.