Елімізде киберқылмыстың жаңа түрі пайда болды
Тұраққа төлеймін деп, бүкіл ақшаңыздан айырылып қалмаңыз. Елімізде киберқылмыстың жаңа түрі пайда болды.
Алаяқтар қазір азаматтардың жеке дерегін иемдену үшін QR кодттарды төлем қабылдайтын терминалдардың маңына іліп тастауды шығарған. «Сапалы Қазақстан» порталы бұл жайлы ktk.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Алдаудың бұл тәсілі «квишинг» деп аталады. Яғни көпқабатты үйлердің есігінде, көшеде, кейбір автотұраққа төлейтін жерде жапсырылып тұрған QR кодқа кірген кезде киберқылмыскерлердің сайтынан бір-ақ шығасыз. Сеніміңізге кіретін түрлі ұсыныс тастап, ұялы телефоныңызға зиянды бағдарламаны жүктеу немесе құпия деректі ашуға итермелейді. Қылмыскерге керегін жазған бойда, құпия кілттен, шоттағы бар ақшаңыздан айырылып қалуыңыз мүмкін.
Мұндай QR кодттарды көшеден көрмесеңіз де, телефоныңызға өзі-ақ келуі мүмкін. Мәселен, интернет арқылы сатып алған тауарыңыз төленбеді деп хабарлама түседі. Оны төлеу үшін сол штрих-кодты сканерлеуді сұрайды. Ол аздай, сенімсіз сайтқа кіргізіп жіберетін бұл QR тіпті үйіңіздің алдына дейін жолдама арқылы келуі мүмкін. Интернет арқылы тапсырыс бермесеңіз де, толық ақпарат алу үшін немесе қайтарып жіберу үшін белгісіз заттың сыртындағы штрих-кодқа өтуін сұрайды.
Алаяқтарға жем болмас үшін кез келген сайтқа кірген кезде оның атауына мән беріп, мұқият тексерген жөн дейді сарапшылар.