Процентсіз кредиттер барлық банкте беріледі – тәртібі белгілі болды
Қазақстанда банктер туралы жаңа заңның аясында исламдық қаржыландыру тетіктерін жан-жақты кеңейту жоспарланып отыр. Соның нәтижесінде халық қазіргі банктерде шариғат нормаларына сай қарыздарды, яғни процентсіз кредит пен ипотеканы ала алады.
Sputnik Қазақстан тілшісі қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне хабарласып, исламдық банкингті кеңінен тарату жоспары жайында білді.
«Исламдық терезелер» ашылады
Қазіргі кезде әлем бойынша исламдық қаржыландыруға деген сұраныс артып келеді. Себебі осы жүйеде проценттерге тыйым салынған, ал адамды қарызға белшесінен батыруға жол берілмейді. Қазақстанда ондай қызметті тек арнайы банктер ұсынады. Осылайша, дәстүрлі және ислам банктері бөлек жұмыс істейді, лицензияны да бөлек алады. Ал исламдық қаржыландыру кеңінен тараған мұсылман мемлекеттерінде халықтың сұранысына қарай өзгерістер жасап жатыр.
Мәселен, Біріккен Араб Әмірліктерінде дәстүрлі банктерге өз қызметін исламдық қаржыландырумен қатар жүргізуге рұқсат берілген. Қазақстан да бұл өзгерістен қалғысы келмейді. Сол себепті жаңа заңның аясында дәстүрлі банктерге өз қызметін исламдық қаржыландырумен қатар жүргізуге мүмкіндік беру мәселесі қаралады. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған жауапқа сәйкес, дәстүрлі банктерде «исламдық терезелер», яғни арнайы құрылымдар немесе бөлімшелер болады. Сол арқылы исламдық қаржыландыру өнімдері ұсынылады.
«Осының арқасында клиенттер үшін қаржы қызметтері барынша қолжетімді болады. «Исламдық терезелер» халыққа өз көзқарасы мен қалауына қарай банк өнімдерін таңдауға мүмкіндік береді. Сонда әрбір адам сан алуан қажеттіліктерін шешу үшін кредит алу, инвестиция салу және тағы басқа қызметтерді пайдалана алады», – дейді агенттік мамандары.
Осы бастаманың нәтижесінде бәсекелестік де күшейеді деген болжам бар. Әсіресе, дәстүрлі банктер үшін жаңа мүмкіндіктер ашылады. Себебі қаржы өнімдері көбейеді, клиенттерді де көптеп тартуға жол ашылады.
Исламдық қаржыландыру тетіктері
Исламдық қаржыландыруда банктің барлық қызметі шариғатқа сай болуы шарт.
Негізгі өнімдер:
Кард-әл-хасан – процентсіз қарыз. Ислам банкі ондай қарызды жеке немесе заңды тұлғаға белгілі бір уақытқа береді. Оның дәстүрлі кредиттен айырмашылығы сол, банк ешқандай процент алмайды, тек өз қызметі үшін ақы есептеп береді. Ал клиент өз еркімен үстінен қосылған ақшаны алғыс ретінде төлейді.
Мурабаха – ислам ипотекасы. Оған сәйкес, банк пәтерді өз ақшасына сатып алады да, клиентке пайдалануға береді. Сол үшін алдын ала келісілген сыйақы алады. Оның мөлшері өзгермейді. Ал барлық қарыз жабылғаннан кейін баспана клиенттің атына аударылады.
Мудараба – ислам депозиті. Банк ондай депозиттегі ақшаны нақты бір жобаға немесе кәсіпорынға салады. Ал келісімшартта банк пен салымшы арасында табысты өзара бөлу тәртібі көрсетіледі. Мударабаның ақшасын тек халал, яғни, шариғатпен рұқсат етілген кәсіпке салуға рұқсат берілген.
Иджара – исламдық лизинг. Дәстүрлі лизингте мүлікті қолданғаны үшін проценттік мөлшерлеме төленсе, иджарада мүлік уақытша пайдалануға беріледі. Ол үшін жалға алу төлемі ғана қарастырылған. Жалға алынған мүлікті жеке меншікке сатып алуға болады.
Исламдық қаржыландыруда тыйым салынған кәсіптер:
алкоголь мен темекі өндірісі;
қару-жарақ саудасы;
шошқа етін өңдеу;
құмар ойындар, лотереялар;
ойын-сауық индустриясы (ересек адамдарға қатысты);
Бұдан бөлек, исламдық қаржы тек нақты өнімдерге, яғни, қолмен ұстап көруге болатын тауарларға ғана салынады. Сондықтан криптовалюта, фьючерстер мен своп-айырбасқа тыйым салынған.
Ауыл халқы да процентсіз қарыздар ала алады
Қазақстанда дәстүрлі банктер исламдық қаржыландырумен айналысатын болса, шалғай жерде тұратын халық да процентсіз қарыздарды пайдалана алады.
Мәселен, филиал желісі жақсы дамыған банктерде «исламдық терезелер» ашылған жағдайда шалғай аймақтардың тұрғындары үшін исламдық қаржыландыру қызметтері қолжетімді болады. Сонда тұрған жеріне қарамастан, адамдарға тең мүмкіндіктер жасалады. Ал бұрын ондай қызметтерді көрмегендер өз қажеттілігіне пайдалана алады», – делінген қаржы нарығын реттеу агенттігінің жауабында.
Бұл бастаманың тағы бір ұтымды тұсы сол, халықтың қаржылық сауаттылығы артады. Ол үшін «исламдық терезелер» ашылған жерде сан алуан шаралар ұйымдастырылады. Бұның барлығы келесі жылы басталады деген жоспар бар. Сол кезде банктер туралы жаңа заң күшіне енеді.
Айта кетері, бүгінде Қазақстанда екі ислам банкі – Al Hilal Bank пен Zaman bank бар. Бұдан бөлек, «Kazakhstan Ijara Company» лизинг компаниясы жұмыс істейді. Ислам қағидаттары бойынша сақтандыру қызметін де алуға болады.