Елімізде оқушылар арасындағы суицид фактілері мектеппен байланысты емес – Оқу-ағарту министрлігі
Өзіне қол жұмсауды зерттеуді медициналық тұрғыда қарастыру керек. Себебі бұл – психикалық ауру.
Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова оқушылардың өзіне қол жұмсауы туралы пікір білдірді. Айтуынша, суицид фактілері білім беру процесіне байланысты емес. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Насымжан Оспанованың айтуынша, суицид көп факторлы құбылыс.
«Бұл мектепке, білім беру процесіне байланысты емес. Бұл осы қылмыстық істерді қарау кезінде анықталады. Сондықтан бағдарлама жұмыс істемейді деп айту мүмкін емес. Ғылым да, зерттеу жұмыстары да айтып келеді. Өзіне қол жұмсауды зерттеуді медициналық тұрғыда қарастыру керек. Себебі бұл – психикалық ауру», – деді ол.
Комитет төрағасы, сонымен қатар мектеп психологтары ықтимал суицид жағдайларын уақытында неліктен анықтамайтынына жауап берді.
«Біздің білім беру жүйесінде 8 800 педагог-психолог жұмыс істейді. Комитет кейінгі екі жылда психологтар мәселесімен шұғылдана бастады. Өйткені бүгінде педагог-психологтар рөлі маңызды екенін түсінеміз. Себебі бала мұғалімдердің көз алдында. Мұғалімдер егер балада бірдеңе дұрыс емес екенін сезсе, белгілі бір әрекетке барады. Сондықтан кейінгі екі жылда біз психологтардың құзыретін арттырумен өте белсенді және ауқымды айналысып келеміз. Мұны нәтиже бермейді деп айта алмаймыз. Өйткені кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтарды азайту бағытында өте жақсы нәтиже бар», – деп қосты маман.
Ол балаларды тәрбиелеу жауапкершілігін тек педагогтарға жүктеуге болмайтынын алға тартты.
«Балаларды тәрбиелеу үшін жауапкершілікті тек мұғалімдерге жүктеуге болмайды. Мұнда журналистердің де бұл туралы айтуы өте маңызды. Ата-аналар балаларға жауапты болуы керек, тек мұғалімдер ғана емес», – деп түсіндірді Насымжан Оспанова.