Украинаға қарсы Солтүстік Корея әскерлері соғыспақ
Бұл Қытай үшін де күрделі мәселе болуы тиіс, өйткені аймақтағы жағдайды айтарлықтай тұрақсыздандырады.
Ресейдің Курск облысында қазір 8 мыңға жуық Солтүстік Кореяның әскері бар, олар жақын арада Украинаға қарсы соғысуы мүмкін, деп хабарлайды Orda.kz.
АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен Вашингтонда өткен брифингте сарбаздардың «артиллерия, ұшқышсыз ұшу аппараттары, негізгі жаяу әскер операциялары, соның ішінде траншеяларды тазарту» бойынша дайындықтан өткенін айтты. АҚШ бұл сарбаздар Ресейге келген 10 мың жауынгерден құралған топтың бөлігі деп санайды. Қорғаныс министрі Ллойд Остин Украинаның осы өңірдегі позицияларын сақтай алатынына сенім білдірді.
Сондай-ақ, Блинкен жақын арада Украинаға қосымша әскери қолдау жіберуге ниетті екенін мәлімдеп, Қытайды Солтүстік Кореяға ықпалын пайдаланып, оның арандатушылық әрекеттерін тоқтатуға шақырды.
«Біз Ресейдің оның (Солтүстік Корея) әскери әлеуетін күшейту үшін не істей алатынына қатты алаңдаймыз. Бұл Қытай үшін де күрделі мәселе болуы тиіс, өйткені аймақтағы жағдайды айтарлықтай тұрақсыздандырады», — деді CNN Блинкеннің сөзін келтіріп.
Еске сала кетейік, қазан айында өткен БРИКС саммитінің қорытынды баспасөз конференциясында Ресей президенті Владимир Путин Солтүстік Корея әскерінің Ресей Федерациясында екенін растағанымен, олардың қандай мақсатта келгенін нақтыламады.