Әскери комиссариаттарда 17 жастағы балалар автоматты түрде тіркеліп жатыр
Әскерге бармаған адамдарға 27 жасқа толса да әскери билет берілмейді.
Қорғаныс министрлігі 16 жастан 60 жасқа дейінгі запастағы азаматтардың электронды есебін жасайтын ақпараттық жүйені әзірледі. Бұл туралы ОКҚ алаңында қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев баяндады.
Оның айтуынша, әскери есепке алу қағаз түрінде жүргізілген кезде есепте шамамен 2-2,5 млн әскери міндеттілер мен әскерге шақырылушылар болған. Цифрлық форматқа көшудің арқасында әскери есепте 6,8 млн-нан астам азамат тұр. Оның 3,6 млн-ы – әскери міндетті. Жүйеге азаматтардың тұрғылықты жері, оқуы, жұмысы, диспансерлік есепте болуы, мүгедектігі және т. б. туралы өзекті мәліметтер келіп түседі.
«Министрлік әзірлеген ақпараттық жүйе ішкі көші-қон кезінде азаматтардың жеке қатысуынсыз автоматты түрде әскери есепке қоюға мүмкіндік берді. Жыл басынан бері әскери комиссариаттарда 700 мыңға жуық адам тіркелген. Бұрын тіркеуден шығып, тұрғылықты жері бойынша тіркелу қажет болатын. Тіркеу жұмыстарының кешігуіне байланысты адамдар жұмысқа уақытында шыға алмаған. Қазір біз тұрғылықты жердің өзгергенін көріп отырмыз және сол күні оның әскери комиссариаттағы есебін өзгертеміз», – деп түсіндірді спикер.
Сондай-ақ жыл басынан бері 17 жастағы балаларды тіркеу автоматты режимде жүргізіліп жатыр, қазіргі уақытта 130 мыңнан астам азамат тіркелген. Бұрын олар әскери комиссариатта медициналық комиссиядан өтіп, анықтамалардың 20-дан астам түрін жинауға мәжбүр болатын. Ал ауылдарда оқушылар мен студенттердің ұжымдық сапарын ұйымдастыру қажеттілігі жойылды. «Тіркеу билеті» ұғымы да жойылды.
Сондай-ақ азаматтың өтінішін қажет етпей, мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және босатуды ұсыну көзделген. Көктемгі және күзгі әр шақыру науқаны барысында шамамен 380-400 мың адам туралы мәлімет (күндіз оқитын студенттер, баласы бар мүгедек адамдар) беріледі.
Әскери қызметті өткеру туралы мәліметтер Еңбек министрлігіне тікелей беріледі, бұл зейнеткерлерге түрлі анықтамалар алу қажеттілігін жояды.
Вице-министр заңды тұлғаларға қабылданған және жұмыстан шығарылған адамдар туралы есеп беру қажеттілігі алынып тасталғанын айтты. Ал 27 жасқа толған және әскери қызметін өткермеген адамдарға әскери билет берілмейді. Бұл процес өзгерді: азаматқа қатысты барлық әскери есепке алу мәліметі Egov және Mgov порталдарындағы «Жеке кабинетте» көрсетіледі.