Декларация тапсырмағандардың есепшоты бұғатталады – салықшылар
Оны тапсыру мерзімі 16 қыркүйекте аяқталды. Ал декларация тапсырмағандарға хабарламалар жіберілді.
Мемлекеттік кірістер комитеті биыл декларация тапсырмаған кәсіпкерлерге ескерту жасады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңі басталған болатын. Соның аясында заңды тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары декларация (250.00 формасы) тапсыруға міндетті.
Оны тапсыру мерзімі 16 қыркүйекте аяқталды. Ал декларация тапсырмағандарға хабарламалар жіберілді.
«Хабарламаны алған сәттен бастап 30 жұмыс күні ішінде мұндай адамдар декларацияны ұсыну немесе түсініктеме беру арқылы бұзушылықты жоюы қажет. Мұндай салық төлеушілерге банктік шоттары бойынша шығыс операциялары тоқтата тұру түріндегі шаралар қолданылады», – дейді салықшылар.
Айта кетері, декларацияны электронды түрде салық төлеушінің кабинеті (cabinet.salyk.kz), «Электрондық үкімет» порталы (egov.kz) және «E-Salyq Azamat», «eGov mobile», Kaspi.kz, Halyk, Вcc.kz. мобильді қосымшалары арқылы жіберуге болады.