БҚО-да 10 жасар балаға екі жыл бойы жәбір көрсеткен: баланың анасы жауапқа тартылды
Орал қаласының әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған сотында 10 жасар Г-ны қорқытып, ақшасын тартып алған 13 жасар Р-дың анасына қатысты әкімшілік іс қаралды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, Р-дың анасы сотта баласының Г-ны ұрып-соққанын, өз ұлымен сөйлескенін және қорлауды жоққа шығарғанын растады.
Г-ның анасының айтуынша, ұлын қорқыту әрекеті 2 жылға жуық уақытқа созылған, баласы қорқып қалған, ұзақ уақыт бойы өзін қорқытқан баланың атын айтпаған. Ол татуласудан үзілді-кесілді бас тартты.
Р-дың қорлау фактісі сот залында әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамада белгіленген мән-жайлармен, жәбірленушінің арызымен, куәлар мен куәгерлердің жазбаша түсініктемелерімен және істің басқа материалдарымен расталды.
ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі 127-2-бабының 1-бөлігіне сәйкес кәмелетке толмаған адамды жәбірлеу (буллинг, кибербуллинг) үшін жауаптылық ескерту жасауға немесе 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
«Сот Р-дың анасына әкімшілік жаза тағайындау кезінде оның асырауында кәмелетке толмаған үш баласы барын, жұмысының жоқтығын және тұрақты табысының болмауын, жауаптылықты ауырлататын мән-жайлардың анықталмағанын ескерді. Сот аталмыш кодекстің 829-14 және 829-16-баптарын басшылыққа ала отырып, Р-дың анасын кодекстің 127-2-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған әкімшілік жаза – ескерту тағайындады. Қаулы заңды күшіне енген жоқ», – деп хабарлады ведомстводан.