Оралда мемлекеттік қызметші алдау арқылы бөтеннің мүлкін жымқырмақ болған
Ол енді өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс жасау құқығынан айырылып, 5 000 000 теңге мөлшеріндегі айыппұл төлейді.

Орал қалалық соты ҚК-нің 190-бабының 3-бөлігінің 2-тармағымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айыппен мемлекеттік қызметшіге қатысты қылмыстық істі қарады,-деп хабарлайды Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.
Қылмыстық іс материалдарына сәйкес, мемлекеттік тас жолының күрделі жөндеу жұмыстары бойынша мемлекеттік сатып алу порталында ашық конкурс ойнатылайын деп жатқанын бейнересми ақпараттардан естіп, ЖШС-нің директоры қатысуға шешім қабылдаған болатын. Нәтижесінде, мемлекеттік сатып алу порталында балдық есептік көрсеткішке сәйкес жеңімпаз болып танылған. «Батыс Қазақстан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы» ММ-і мен ЖШС-нің арасында келісім-шарт жасалып, шотына аванс жіберілген болатын.
Одан әрі, ЖШС-і директорының сұрағына, жоғарыда көрсетілген келісім шарт бойынша аванстың қалған бөлігі қашан түсетінін сұраған кезде, басқарманың бас маманы уәкілетті тұлға бола отырып, алдау жолымен бөтеннің мүлкін жымқыру мақсатында, келісім-шарт негізінде авансты төлеу оның қызметтік міндеттеріне кірмейтінін және оған ықпал жасай алмайтынын біле тұра, өзінің қызмет бабын пайдаланумен ұштастыра отырып, аванс бөлігін төлеймін деп, 500 000 теңге ақша қаражатын сұраған.
Содан соң, басқарманың бас маманы Орал қаласының әкімшілік аумағында жүріп, жеке басына мүліктік пайда табу мақсатында, жоғарыда көрсетілген келісім шарт негізінде аванс бөлігін төлеймін деп, ЖШС-нің директорын алдап, «Kaspi Bank» АҚ-дағы шотына аударған 500 000 теңге ақша қаражатын жымқырып, алаяқтық жасаған.
Сот отырысы барысында сотталушы өз кінәсін мойындады.
Сот ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танып, оған өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан айыра отырып, 5 000 000 теңге мөлшеріндегі айыппұл жазасын тағайындап шығарды.
Үкім заңды күшіне енді.