Ресейге жол тартқан қазақстандықтар биометриядан өтеді
7 қарашадан бастап Ресейге келетін шетелдіктерге, соның ішінде қазақстандықтарға да, жаңа ережелер күшіне енді.
1 желтоқсаннан бастап Ресей шетелдіктерден елге кірген кезде биометриялық деректерді жинай бастайды, деп хабарлайды Orda.kz.
Эксперимент идеясын Ресей министрлігі ұсынған, ал премьер-министр Михаил Мишустин тиісті қаулыға қол қойған.
«Бұл әлемде кең таралған тәжірибе — мұндай талаптар Шенген визаларын алу кезінде көп жылдан бері қолданылып келеді», деп түсіндірді ведомствоның баспасөз қызметі.
2024 жылдың 1 желтоқсанынан 2026 жылдың 30 маусымына дейін эксперименттің бірінші кезеңі өтеді. Мәскеудің халықаралық әуежайлары (Домодедово, Шереметьево, Внуково), Жуковский әуежайы және Орынбор облысындағы Маштаково өткізу пункті арқылы кіретін шетелдіктер биометриядан тікелей шекарада өтеді.
Екінші кезең — 2025 жылдың 30 маусымынан 2026 жылдың 30 маусымына дейін. Ресейге визасыз кіру үшін шетелдіктер арнайы қосымша арқылы биометриялық мәліметтерді алдын-ала тапсырып, сапардың мақсатын көрсете отырып өтініш бере алады.
Бұл ережелерден Беларусь азаматтары, алты жасқа дейінгі балалар, Ресейдегі шетелдік дипломатиялық және консулдық мекемелердің дипломаттары мен қызметкерлері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері мен халықаралық ұйым қызметкерлері босатылады.
«Егер эксперимент сәтті деп танылса, мұндай ережелер тұрақты негізде әрекет етеді», деп қорытындылады министрлік.
Естеріңізге сала кетейік, 2024 жылдың 1 желтоқсанынан бастап Мәскеу әуежайларында шетелдіктерге саусақ ізі мен суретке түсіру процедурасы басталады.
7 қарашадан бастап Ресейге келетін шетелдіктерге, соның ішінде қазақстандықтарға да, жаңа ережелер күшіне енді.