Қазақстанда 15 азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылайтын ветеринариялық зертхана жабылды – сенат
Зертханалардың жетіспеуі, құрал-жабдықтардың тозуы облыс, аудан көлемінде қатты байқалады.
Қазақстанда 2016-2023 жылдар аралығында азық-түлік өнімдерінің сапасын бақылайтын 15 ветеринариялық зертхана жабылған, деді Сенат депутаты Әли Бектаев.
«Лабораториялардың көпшілігі апатты немесе жалға алынған ғимараттарда орналасқан, ондағы көптеген зертханалық құрылғылар ескіргенімен қатар өндірістен де шығарылған. Осылай, 2016-2023 жылдар аралығында 15 ветеринариялық зертхана жабылған», – деді Сенат депутаты Әли Бектаев Үкімет басшысының атына жолдаған депутаттық сауалында.
Оның айтуынша, зертханалардың жетіспеуі, құрал-жабдықтардың тозуы облыс, аудан көлемінде қатты байқалады.
«Мамандар тапшы, түрлі қауіпті инфекциялармен жұмыс істейтін сала қызметкерлерінің жалақысы төмен. Осыған байланысты салаға жас мамандар келмейді, келсе де көп тұрақтамайды. Зертханалардағы құрал жабдықтардың ескіруі – халықаралық сапа мен стандарттарға сәйкестендіруге көп кедергі келтіруде», – деп атап өтті Әли Бектаев.