БҚО тұрғыны сот арқылы лауазымын қалпына келтіріп өтемақы алды
Сот жұмыс берушінің еңбек заңнамасының нормаларын бұзғанын анықтады.

Бөрлі аудандық соты жұмысқа қайта оралу, мәжбүрлі жұмысқа келмегені үшін жалақыны өндіріп алу және моральдық зиянды өтеу туралы істі қарады. Бұл туралы БҚО сотының баспасөз қызметінен хабарлады.
Әйел сотқа сынақ мерзімінен өтпегендіктен оның жұмыстан шығарылуын заңсыз деп тануды талап етіп келді. Оның айтуынша, сынақтың қанағаттанарлықсыз нәтижесі қызметкердің біліктілігіне байланысты объективті мәліметтермен расталуы керек, бірақ мұндай дәлелдер ұсынылмаған.
Сот жұмыс берушінің еңбек заңнамасының нормаларын бұзғанын анықтады. Еңбек кодексінің 37-бабының 1-тармағына сәйкес, сынақ мерзімінің нәтижелері бойынша жұмыстан босату біліктілігі төмен болғандықтан қызметкердің тапсырылатын жұмысқа сәйкес келмейтінін растайтын жазбаша дәлелдемелер болған жағдайда ғана мүмкін болады. Сонымен қатар, жұмыс беруші қызметкерді лауазымдық нұсқаулықпен және қауіпсіздік ережелерімен таныстырған жоқ. Сот жұмыстан шығаруды заңсыз деп таныды, әйелді бұрынғы қызметіне қалпына келтірді, мәжбүрлі жұмысқа келмегені үшін жалақысын және моральдық зиян үшін өтемақы төлеуге міндеттеді. Сот заңсыз жұмыстан босату және кешіктірілген төлемдер қызметкердің конституциялық құқықтарын бұзатынын атап өтті