Батыс Қазақстанда Ресеймен шекарада көлік кептелісі болуы мүмкін
Ресей Федерациясы Самара облысымен шекарада орналасқан «Сырым» автомобиль өткізу бекетінде көлік кептелісі туындауы ықтимал. Бұл Ресей тарапынан экперименттің жүргізілуіне байланысты.
ҚР ҰҚК БҚО бойынша Шекара қызметі департаментінің мәліметіне сәйкес биылғы 1 желтоқсаннан 2026 жылдың 30 маусымына дейін «Маштаков» (РФ) автомобиль өткізу бекетінде жаңа ережелер мен шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ тұлғалардың Ресей Федерациясына кіруі және шығуы шарттарын апробациялау бойынша эксперимент жүргізіледі.
Эксперименттің мақсаты — Ресей Федерациясының мемлекеттік шекарасын кесіп өтетін кезде биометриялық деректерді жинау (бетінің фотосуреті мен саусақ ізі).
Экспериментке мыналар кірмейді:
- Беларусь Республикасының азаматтары.
- Шет мемлекеттердің дипломаттары мен консулдық мекемелерінің қызметкерлері, сондай-ақ олардың отбасы мүшелері.
- Ресей Федерациясында болу үшін арнайы шарттары бар халықаралық ұйымдардың лауазымды тұлғалары.
- Дипломатиялық және қызметтік паспорттардың иелері.
- 6 жасқа дейінгі балалар.
БҚО мемлекеттік кірістер департаментінен мәлім еткеніндей, аталған эксперименттің жүргізілуіне байланысты «Сырым» автомобиль өткізу бекеті арқылы жеңіл және жүк көліктерінің қозғалысына уақытша кедергі келтірілетін болады.
-Бұл «Сырым» және «Маштаков» бекеттерінің өткізу қабілеттілігін айтарлықтай төмендетеді. Сол себепті мемлекеттік шекараны кесіп өтуді жоспарлап отырған барлық азаматтарды «Ақсай», «Шаған» және «Тасқала» автомобиль өткізу бекеттері арқылы баламалы қозғалыс бағыттарын пайдалануға шақырамыз, – деп хабарлады ведомстводан.
«Сырым» бекетінде жүк көліктерінің кептелістері осыған дейін де болып келгені белгілі.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын БҚО-да Ресеймен шекарада жүк көліктерінің кептелісі туындағанын жазған болатынбыз.