БҚО аудан әкіміне сотты құрметтемегені үшін айыппұл салынды
Айыппұлды аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы да алды.

Облыстық соттың баспасөз қызметінің мәліметінше, су тасқыны кезінде Ақжайық ауданының тұрғыны 16 бас жылқысынан айырылған. Ол аудан әкіміне, кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне және облыс әкімдігіне материалдық залалды өтеу туралы өтініш білдірді. Олардың жауаптарына қанағаттанбаған ауыл тұрғыны әкімшілік талап арызбен БҚО Мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жүгінді.
– Іс бойынша дайындық жүргізу мақсатында, сот жауапкерлерді белгіленген мерзімде әкімшілік талап қоюға дәлелді қарсы пікірлерін беруге міндеттеді. Алайда, жауапкерлер талап қоюға дәлелді пікірлерін және соттың сұратқан әкімшілік іс құжаттарын белгіленген мерзімге жолдамаған. Соның салдарынан іс бойынша алдын ала тыңдау кейінге қалдырылған. Сот іс құжаттарын зерттеп қарап, жауапкерлердің келтірген уәждерін негізсіз және дәлелсіз деп, олардың іс әрекеттерінде заңға және сотқа анық құрметтемеушілік көрсету оқиғасы орын алған деп таниды, – делінген сот хабарламасында.
Осылайша, Ақжайық ауданы әкімінің және «Ақжайық ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі» ММ басшысына сот талаптарын орындамағаны үшін 20 АЕК-ке айыппұл салынды, яғни әрқайсысына 73 840 теңге.