Қаңтар оқиғасы кезінде археологты ұлттық гвардия подполковнигі атты ма?: Сот отырысында ашылған тың мәліметтер
Қанды қаңтарда, оққа ұшып қаза болған жандардың соты арада 3 жыл өтсе де әлі де созылып келеді. Солардың бірі Алматы горнизонының әскери сотында қаралған археолог Ерлан Жағыпаров пен бірге Әуез Қапсалановтың ісі.

Алматы горнизонының әскери сотында Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшып, қаза болған петроглифтерді сақтаумен айналысқан археолог Ерлан Жағыпаровқа қатысты сот отырысы өтті. Orda.kz тілшісі алғашқы сот отырысына қатысып, айыпталушы мен куәгерлерді тыңдап қайтты.
Қызығы, археологты атты деп айыпталып жатқан подполковникті Қаңтар оқиғасында ерлік жасады деп мемлекеттік марапатқа ұсынған екен.
Қанды қаңтарда, оққа ұшып қаза болған жандардың соты арада 3 жыл өтсе де әлі де созылып келеді. Солардың бірі Алматы горнизонының әскери сотында қаралған археолог Ерлан Жағыпаров пен бірге Әуез Қапсалановтың ісі. Олар екеуі 6 қаңтар күні Республика алаңында оққа ұшқан. Бір қызығы, соттың алдын-ала тыңдалымы мен бірінші отырыс айыпталушы мен куәгерлерден жауап алу бір күнде өтті.
Сонымен айыпталушы кім? 55/71 әскери бөлімнің бұрынғы командирінің орынбасары 42 жастағы Айтжан Әубәкіров. Оған қылмыстық кодекстің 451-бабы, яғни қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылуда.
Айыптау актісінен белгілі болғандай, 2022 жылдың 6 қаңтарында сағат 19:30-дан 20:00-ге дейін Республика алаңында алдын ала тергеу барысында анықталмаған ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы жасағының қызметкерлері Жағыпаров пен Қапсаламовты ұстады.

«Сағат 22:30-дан 00:30-ға дейін алдын ала тергеу барысында анықталмаған 5571 әскери бөлімінің ұлттық гвардия сарбаздары билік өкілдері бола тұра, қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған, яғни өз құзыретінен тыс әрекеттер жасаған. Нақтырақ айтқанда, тәуелсіздік монументінің алдында УАЗ маркалы көліктің артында отырған Жағыпаров пен Қапсаламовтың олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірмейтінін, сондай-ақ қарсылық көрсете алмайтынын біле тұра, олардың қолдарына кісен салып,оларды қасақана ұрып-соққан, АК-74 автоматының бас жағымен бірнеше мәрте ұрған» ,– деді прокурор Елжан Көбей.
Іс материалдары бойынша 6 қаңтарында сағат 23:00-ден кейін айыпталушы Әубәкіров тікелей басшысы Сағындықов ұсталғандарды босатып, кісендерін шешуді бұйырған. Қапсаламовтың кісендері толық шешілсе, Жағыпаровтың тек бір қолындағы кісені босатылған.
«Сағындықов Жағыпаровтың оң қолындағы кісенді шешкенімен, сол қолындағысын шешіп үлгермеген. Себебі тағы да ұрып-соға ма деп қорыққан Жағыпаров Әубәкіров Сағындықовты итеріп, Қапсаламовпен бірге қашып кеткен. Сол сәтте олардың артында тұрған подполковник ұсталғандардың қашып бара жатқанын көріп, оларды қашқын ретінде бағалап, билігін асыра пайдаланған. Ол қызметтік өкілеттігін асырып, 10 метрден аса қашықтықта АК-74 қаруынан дәлдеп оқ атқан. Жарақат салдарынан Жағыпаров пен Қапсаламов оқиға орнында қаза тапқан» ,– делінген айыптау актісінде.
Ал айыпталушының соттағы жауабына келер болсақ, Әубәкіров өз кінәсін мойындамайтынын әрі өз қызметін орындағанын жеткізді. Оның айтуынша, жәбірленушілердің қолдарынан кісендерді шешіп жатқанда атыс басталып кеткен.
«Шамамен бір жарым сағаттан кейін кейін бізге «Таран» деген хабарлама мен көлік жақындады. Осы уақытта оң жақтан шабуыл жасалып, оқтың жарқылы көріне бастады. Мен де сол жаққа оқ аттым. Содан кейін көлік жылдамдықпен бұрылып кетті, жарқылдар тоқтады. Бұл түнгі уақыт болғандықтан, адамдардың саны анық көрінбеді, бірнеше сұлба болды. Оқ тоқтағаннан соң ол сұлбалар да құлады», — деді Әубәкіров.
Айыпталушының айтуынша, ол 10 рет ауаға оқ атқан, тағы 10 рет алыстан көрінген сұлбаларға қаратып оқ атқан екен. Бірақ, атыс тоқтағаннан кейін ол да, басқа әскери қызметкерлер де оқиға орнын тексермей, қоршаудан шықпаған.

Ерлан Жағыпаровтың қорғаушысы Сәуле Қобжанованың айтуынша, оқиға орнында қызмет атқарып кезекшілік жасаған шамамен 100 адамнан Әубәкіров ғана Жағыпаров пен Қапсаламовқа қарсы қару қолданған. Сонымен қатар, қорғаушы күдіктіге тағылған айыпқа келіспейтіндігін, іс «Адам өлтіру» бабы бойынша қозғалуға тиіс екендігін айтты.
Сондай-ақ, сотта Ерлан Жағыпаров қайтыс болған күні байланыста болған әрі араға біраз күн салып денесін мәйітханадан тапқан досы Асқар Уәлиевтен жауап алынды. Марқұмның досының айтуынша, оқиға болған күні Жағыпаров бірнеше рет телефон шалып, өзін әскерилер ұстап алғандығын айтқан екен.

«Мен мәйітханаға барып қатарынан үш рет кіріп тек соңғы кіргенімде ғана мәйіттің Ерлан екенін растадым. Ол жерде өте қорқынышты болды, көптеген денелер бірінің үстінде бірі жатты. Ерланның екі қолы да сынған екен. Денесінде көптеген жарақаттар болды, бет-әлпетін тану мүмкін емес, ісіп кеткені соншалық мен оны бірінші рет көргенімде танымай қалдым. Мен оның басындағы бұрын алған жарақатынан таныдым», — Асқар Уәлиев.
Уәлиев Жағыпаровты ұстаған кезде ол телефонның арғы жағында Әубәкіровтың дауысын естігендігін және балғат сөздер айтып жатқандығын жеткізді.
Түстен кейін жалғасқан сот отырысына Әуез Қапсалановтың әкесі келді. Сонымен қатар, сотта Әубәкіровтің бастығы болған командир Бағдаулет Оспанбеков кәугер ретінде жауап берді.
Оспанбековтен куәгер ретінде жауап алу бас-аяғы екі сағатқа созылды. Дегенімен де, оның бар айтқаны арада 3 жыл өтіп кеткендіктен көп нәрсе есінде емес екендігі. Сол күні қанша қару берілді, Республика алаңында сарбаздар мен басқа ереуілге шыққан адамдар қай бағытта жылжыды деген прокурордың да қорғаушының да нақты сұрақтарына жалпылама әрі шамамен жауап берді. Себебі, арада 3 жыл өтті дегенді алға тартып отыр.
«Мен алаңға келгенде оларды 20-25 метр қашықтықта көрдім, олардың қолдары артқа қарай кісенделіп тұрды. Алыстан көргендектен беттеріндегі жарқатттың бар-жоғын айта алмаймын. Алаңға келгеннен соң шамамен бір-екі сағаттан соң мен оларды босатуға бұйрық бердім. Суықта біраз уақыт тұрғандықтан босатып жіберген дұрыс болады деп шештім. Оларды босатуға бұйрықты подполковник Әубәкіровке бердім. Оның үстіне, сол кезде мен қол астымдағы сарбаздардың өмірінен қауіптендім», — деді Оспанбеков.
Келесі сот отырсы 25-26 желтоқсанда өтеді. Сот ісінің қалай өрбитіні Orda.kz назарында болады.