Дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық жазалануы керек – Денсаулық сақтау министрі
Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сәйкес, 2019-2023 жылдар аралығында Қазақстанда 158 медицина қызметкері қызметтік міндеттерін орындау кезінде жарақат алған.

ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрігерлерге шабуыл жасағаны үшін жаза болуы қажеттігін айтып, Қостанайда жарақат алған жедел жәрдем қызметкері Анель Баймурзинаға қолдау білдірді, деп хабарлайды Orda.kz.
«Біз нақты хабарлама жіберуіміз керек: медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылыққа жол берілмейді және жазаланады» деп мәлімдеді Әлназарова Instagram парақшасында.
Министр зардап шеккен қызметкерге жеке қолдау білдіріп, жедел жәрдем дәрігерлерінің жұмысының маңыздылығын атап өтті.
«Жедел жәрдем қызметкерлері өз жұмыстарын қауіпті және жоғары стресс жағдайында орындайды. Олар күн сайын адамдардың өмірін сақтап, ең қиын және қауіпті жағдайларда көмек көрсетеді», – деді министр.
Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасына сәйкес, 2019-2023 жылдар аралығында Қазақстанда 158 медицина қызметкері қызметтік міндеттерін орындау кезінде жарақат алған. 2023 жылы 80 шабуыл оқиғасы тіркелсе, биыл тоғызы тіркелді.
Әлназарова депутаттардың қолдауымен алдағы уақытта мұндай жағдайлардың алдын алу мақсатында дәрігерлерге қатысты зорлық-зомбылық әрекеттері үшін қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы норма қолға алынғанын айтты.
Жылды қорытындылай келе, министр медицина қызметкерлерінің еңбегін қоғамда мойындау бойынша жоспарларды атап өтті.
«Олардың өз мамандығына деген адалдығы қоғамда мойындалып, бәрімізге үлгі болуы керек», – деп түйіндеді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Дәрігерлерге күш қолданғандар жауапқа тартылады. Оларды қандай жаза күтіп тұр