Ақтаудағы ұшақ апатына Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі себеп болғаны туралы ақпарат тарады: Қазақстан билігі не дейді
Әзербайжан ақпарат агенттіктері Баку – Грозный рейсінің апатына қатысты видео таратты. Кадрларда ұшақ фюзеляжындағы тесіктер көрінеді. Олар оқ немесе снарядтар іздеріне ұқсайды.

Ақтау маңындағы ұшақ апатына Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі себеп болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Бұған дейін желіде апатқа ұшыраған Embraer ұшағының шұрық-тесік бөлшектері түсіріліген видео тараған еді. Ресейлік телеграм арналарында мұндай тесіктердің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің жұмысы кезінде пайда болуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Олардың мәліметінше, таңертең Шешенстан мен Владикавказға ұшқышсыз ұшақтармен шабуыл жасалған, Грозныйда әуе қорғаныс жүйесі шамамен ұшақ апатынан бір сағат бұрын іске қосылған.
Әскери сарапшы Ян Матвеев ұшақтың Каспий теңізінің үстінде 9 км биіктікте ұшқанын, мұндай қашықтықта ұшаққа “Панцирь-С1” әуе қорғаныс жүйесі қол жеткізе алатынын мәлімдеді.
Апатта аман қалған жолаушылардың бірі Рахимов RT арнасына берген сұхбатында ұшқыштар ұшақты Грозныйға үш рет қондырмақ болғанын, үшінші рет қонғалы жатқанда ұшақ сыртынан жарылыстың даусы естілгенін айтты.

Еске салсақ, Ақтау маңында ұшақ құлағаны туралы хабарлаған едік. Ұшақта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Бұған дейін әлеуметтік желіде ұшақтың ішінде апатқа дейін және кейін түсірілген видеолар пайда болған еді.
Ақтауда өткен брифингте үшақ апатын зерттеу бойынша комиссияның жетекшісі Қанат Бозымбаев ұшақ апатының себебі туралы сұраққа жауап берді.
«Апаттың алдын ала себебінің өзін анықтау мүмкін емес, бұл үшін арнайы мамандар бар. Олар жұмыс істеп жатыр. Сонда барлығы түсінікті болады. Мен қазір еңтеше айта алмаймын. Адамдардың не жазып жатқандарын көрдім… Ұшақ жерге құлап, аударылып жатқанда, көп жағдай болуы мүмкін. Сондықтан нақты қортынды жасай алмаймын. Мамандар жұмыс істесін», – деді вице-премьер Қанат Бозымбаев.

Ұшақ апатының себептеріне қатысты тергеу «жол қозғалысы немесе әуе көлігін пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу» бабы бойынша жүргізілуде.
Апат орнынан ұшақтың қара жәшігі тәркіленді. Қара жәшік айғақ ретінде қылмыстық іске қосалатыны хабарланды.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, ұшақпен байланыс сағат 11:28-де үзілген, ұшақ сағат 11:30-да апатқа ұшырады.

Әзірбайжан әуе жолдарының ұшағында барлығы 67 жолаушы, оның ішінде 6 қазақстандық болған. Бортта болған қазақстандықтардың барлығы қаза тапты.
“Ұшақта Әзірбайжаннан 37 адам болған. Оның 23-і қайтыс болды, 14-і аман қалды. Қырғызстандық 3 жолаушының барлығы аман қалды. Ресейлік 16 жолаушы, оның 9-ы аман қалды. Қазақстанның 6 азаматы қаза тапты. 5 адамнан тұратын экипаж мүшелерінің екеуі қаза тауып, үшеуі тірі қалған», – деді Марат Қарабаев брифинг барысында.
Қаза тапқан Қазақстан азаматтарының төртеуі Маңғыстау облысының, біреуі Қостанайдың, біреуі Астана тұрғыны болғандары анықталды.
Қазір апат болған Түпқараған ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Ұшақ апатынан 38 адамның қаза тапқаны белгілі болды.