Жол-көлік оқиғасын жасаған БҚО әкімдігінің қызметкері жұмысынан босатылды
Батыс Қазақстан облысы әкімі аппараты ішкі аудит қызметінің жетекшісі Ербол Найзабеков 2024 жылдың қазан айында жол-көлік оқиғасын жасады.

БҚО әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, облыстық полиция департаменті оған қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабына сәйкес әкімшілік іс қозғады. Тиісті сараптамалар тағайындалды.
2024 жылғы қазан айында Оралда Тәуелсіздік пен Правдухина көшелерінің қиылысында жол апаты болды. Volkswagen Tiguan көлігінің 44 жастағы жүргізушісі бағдаршамда тұрған Mercedes көлігіне соқтығысқан. Соққыдан Mercedes ВАЗ және Skoda Rapid-пен соқтығысқан. Кейін Volkswagen Tiguan көлігін БҚО әкімдігінің қызметкері айдағаны белгілі болды.
-Тексеру қорытындыларына сәйкес іс материалдары сотқа жолданатын болады. Мемлекеттік қызметшілердің қызмет этикасы талаптарын бұзғаны үшін Е.Найзабеков қатаң сөгіс түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі кезде ол қызметінен босатылды, – деп хабарлады ведомстводан.
БҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің нақтылауынша, осы оқиға салдарынан жарақат алған жәбірленуші қыздың қаншалықты зардап шеккенін анықтайтын сараптама келгеннен кейін іс сотқа жолданады.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: БҚО-да әкімдік қызметкері жол-көлік оқиғасына ұшыраған: істің жай-жапсары