Енді сталкинг жасағандар қылмыстық жазаға тартылуы мүмкін
Адамды аңду, оның жеке өміріне қол сұғу сталкинг деп аталады. Адамдар өзінің құрбы, достарынан да сталкинг көріп жатады. Көптен бері араласпай кеткен досыңыз сізге шектен тыс көңіл бөлсе, тіпті бейтаныс нөмірлерден хабарласып мазаласа, бұл сталкингтің жеңіл түрі. Сарапшылардың пайымдауынша, жағдай одан ушығып, адам өміріне қауіп төндіретін кездер де болады.

Сталкингтің бір түрі киберсталкинг қауіпті. Себебі, онда жеке дерегіңізді жариялаймын деп сізді бопсалауы мүмкін. Сондай-ақ сізді күнде аңдып жүрген адам да зиян тигізуі ықтимал.
Қазақстанда Қылмыстық кодекске «сталкинг» ұғымын енгізу талқыланып жатыр. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Абзал Құспан айтты.
Депутаттың сөзіне құлақ түрсек, «сталкинг» терминін қазақшаға аудару қарастырылмаған. Өйткені бұл ұғым әлемдік деңгейде кеңінен қолданылады және халықаралық тәжірибеде осы атау сақталады.
Оның айтуынша, сталкерлер бастапқы кезде айыппұл төлейді. Ал егер ол әрекетін қайталаса, жазасы ауыр болуы мүмкін.
«Бұл норманың негізгі мақсаты – азаматтарды бірден соттап, түрмеге отырғызу емес, ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алу. Біз Германия мен Канаданың тәжірибесін зерделедік. Канадада сталкинг ауыр қылмыс санатына жатады. Бірақ біз бұл норманы бірден ауыр қылмыстар қатарына қоспаймыз. Уақыт өте келе тергеу және сот тәжірибесі негізінде, егер қайталану жағдайлары жиілесе, оны ауырлатылған санатқа ауыстыру мәселесін қарастыруымыз мүмкін», – деді Абзал Құспан.
Жаңа норма қылмыстық теріс қылық ретінде енгізілуі мүмкін. Әзірге «Қылмыстың қайталануы немесе басқа ауыр құқықбұзушылыққа ұласуы мүмкін бе?» деген сұрақ талқылануда.