Ұлытаудағы жеті кеншінің қазасы: полиция мәлімдеме жасады
17 ақпан күні кешке Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кенішінде тау-кен массасы құлаған. Сол жерде шахтаның жеті қызметкері болды.

Ұлытау облысының полиция департаменті Жаңаарқа ауданындағы «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кенішінде тау-кен массасы құлап, адамдардың қаза болуына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ПОЛИЦИЯ НЕ ДЕЙДІ
Ұлытау облысының полиция департаменті бұл факті бойынша ҚР ҚК-нің 277-бабының 3-бөлігі «Тау-кен немесе құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік ережелерін бұзу» бойынша іс қозғалды.
— Оқиға орнында Ұлытау облысының полиция департаментінің жедел-тергеу топтары жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта барлық қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, дейді полицейлер.
БҰҒАН ДЕЙІН
Іздестіру-құтқару жұмыстары барысында құтқарушылар тобы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-нің жеті қызметкерінің денесін тапты. Олардың кім екені анықталып жатыр.
ШАХТАДАҒЫ АПАТ
Еске сала кетейік, 17 ақпан күні кешке Ұлытау облысының Жаңаарқа ауданындағы «Қазақмыс» корпорациясының «Жомарт» кенішінде тау-кен массасы құлаған. Сол жерде шахтаның жеті қызметкері болды. Кабельдер үзілген соң жұмысшылармен байланысу мүмкін болмаған.
ҮКІМЕТТІК КОМИССИЯ
Премьер-министр Олжас Бектеновтің тапсырмасы бойынша сол кеште Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында шахтаның құлауы салдарынан зардап шеккендердің себептерін тергеу және оларға көмек көрсету жөніндегі арнайы комиссия құрылды. Комиссияға оның орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етеді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақмыс» корпорациясының Ұлытау облысындағы кенішінде тау массасының құлауы салдарынан қаза болған жұмысшылардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айту жеделхатын жолдады.
Мемлекет басшысы үкіметке төтенше жағдайдың мән-жайын мұқият тексеру жөнінде міндет жүктеді. Салалық ведомстволар мен өңір әкімдігіне марқұмдардың отбасыларына барлық қажетті көмек көрсету туралы тапсырма берілді, – деп ақпарат таратты Ақорда.
КОМПАНИЯ ҚАНДАЙ КӨМЕК КӨРСЕТЕДІ
Қазақмыс ұжымдық келісімшартта көзделгендей, Жомарт кенішінде қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті көмекті көрсетеді.
Әлеуметтік және материалдық қолдау мақсатында, соның ішінде моральдық зиянды өтеу үшін, қаза тапқандардың отбасыларына жұмыскердің орташа жылдық жалақысының 10 еселенген мөлшері және 2 миллион теңгеден астам жерлеу рәсімдерін ұйымдастыруға төленеді.
Сондай-ақ асыраушысынан айырылу жағдайына ай сайынғы төлемдер, балалардың оқу ақысын төлеу, қаза тапқан жұмысшылардың несие және қарыздарын жабу, сондай-ақ отбасы мүшелерінің өтініші бойынша басқа да көмек түрлері қарастырылған.
