БҚО тұрғыны дұрыс амандаспады деген сылтаумен ер адамның жақ сүйегін сындырған
Оған шартты түрде 1 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тасқала аудандық сотында ҚР ҚК-нің 107 бабының 2-бөлігінің 5-тармағымен көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасаған азамат А.-ға қатысты қылмытық іс қаралды.
Соталушы өткен жылдың қыркүйек айында елеусіз себепті сылтау етіп, бұзақылық ниетпен, дүкенге азық-түлік алуға бара жатқан азамат С. -тың бет тұсына бір рет соққы берген.
Бұған себеп, сотталушының жәбірленушімен екі қолын созып амандасып жатқанда, соңғысының онымен бір алақанмен қол алысумен шектелгені болған. Сотталушы, С.-тың бұл әрекетін ұнатпай, оның тарапынан өзіне көрсетілген құрметтемеушілік деп қабылдаған.
Бұл оқиға видеоға түсіп қалып, желіде резонанс тудырған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысымен, жәбірленушінің денсаулығына орташа ауырлықтағы зиян келтірілгені, яғни төменгі жақ сүйегінің сынғаны анықталған.
Сот А.-ны бұзақылық ниетпен жәбірленушінің денсаулығына қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіргені үшін кінәлі деп танып, оған ҚК-тің 63-бабын қолдану арқылы шартты түрде бір жыл, алты ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.Сондай-ақ, сот үкімі бойынша соталған үкім заңды күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде жәбірленушіге келтірілген материалдық және моральдық зиян шығындар сомасын төлеуге міндетті.
Үкім заңды күшіне енді.