Cоғыс отына шарпылған қазақ ауылдары туралы не білеміз?

1939 жылы басталған Екінші дүниежүзілік соғыста басқыншылардың табаны қазақ жеріне тимесе де, соғыс жалыны бірнеше қазақ ауылын шарпыды. Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек, Сайқын, Шоңғай стансалары Сталинград майданының жақын тылы болғандықтан 1942 жылы неміс ұшақтарының шабуылына ұшырады.

Ашық дереккөзден

Шойынжол бойындағы ауылдарға сол жылдың күзінде 538 бомба тасталған. Жәнібек ауданының жеңіс тарихы туралы baq.kz тілшісі журналистік зерттеу жүргізген еді.

Сталинград майданы

Сталинград шайқасы – Екінші дүниежүзілік соғыс тарихындағы ең ауқымды, ең сұрапыл шайқастың бірі. 1941 жылдың күзінде Мәскеу түбінде тасқамал қорғанысқа тап болып, тауы қайтқан Вермахт әскерлері 150-300 шақырымға дейін кері кетеді. Қансыраса да қайраты қайтпаған жаралы жыртқыш жаңа операцияны жоспарлайды. Қайтадан Кеңес астанасына беттей алмаса да, Кавказдағы мұнай кеніштері мен Еділ өзенін бақылауға алып, Орта Азияға жол ашуды көздейді. Осы мақсатта 1942 жылдың көктемінде алдаусырай шегініп, Харьков түбінде Кеңес Армиясына оңдырмай соққы береді, 240 мың солдатты тұтқынға алады. Мамыр айында «Оңтүстік» армиясы Гитлердің бұйрығымен екіге бөлініп, бірі ашық қалған Кавказға беттесе, екінші тобы Еділ өзені мен Сталинградқа бағыт алады.

Сталинградты бағындырудың неміс басқыншылары үшін екі стратегиялық мәні бар еді. Магистральды көлік жолдары үстінен өтетін, орталық Ресейді оңтүстік облыстармен байланыстыратын өнеркәсіптік қаланы алу қарсыластың экономикасын әлсіретіп, жеңісті жақындатар еді. Әрі коммунистер көсемі Сталин атын иеленген қаланы құлатудың идеологиялық маңызы зор-тұғын. Егер Сталинград тізе бүккенде Кеңес халқының рухы жаншылып, неміс фашистерінің мерейі тасыр еді.

Сталинград майданы 1942 жылдың 17 шілдесінен 1943 жылдың 2 ақпанына дейін жүрді. Әуе күштері мен танк техникасындағы екі есе үстемдігін пайдаланған фашстер азғантай уақытта қалаға да кірді. 28 шілдеде Бас қолбасшы Сталинның №227-ші «Артқа бір қадам да шегінбеңдер!» деген бұйрығы шықты. Кескілескен шайқастар нәтижесінде, орасан адам ресурсын құрбан ету арқасында ғана Сталинград жауға бас имеді.

Сталинград майданына 1 миллион 690 мың Кеңес әскері қатысса, соның 478 мыңы қаза тапты (қалада қырылған бейбіт тұрғындарды санамағанда), 651 мыңы жарақаттанды. Вермахт жағынан 300 мың адам өлді.

Жәнібек – Сталинградтың жақын тылы

Сталинград, қазіргі Волгоград қаласы – тіке есептегенде Жәнібек ауылынан небәрі 185 шақырым қашықтықта орналасқан. Сол кезде майдан шебінің алауы түнде қып-қызыл боп қазақстандықтарға да көрінген екен. Біртіндеп, соғыс өрті қазақ ауылдарын да шарпыды. 1942 жылдың күзінен бастап Жәнібек, Сайқын, Шоңғай стансалары жау ұшақтарының толассыз шабуылдарына ұшырады. Аталған елді мекендер арқылы Орал-Рязань теміржолының тармағы өтетін. Осы жолмен майданға әскер мен қару-жарақ, азық-түлік тасымалданатын. Сталинград майданына тылдан келер көмекті тоқтату үшін жау ұшақтары темір жол бойындағы ауылдарды аяусыз бомбылаумен болған. Бір ғана Жәнібек ауылында 41 нысанға бомба түскен. Ол ғимараттардың көпшілігі қазір бұзылып кетті. Уақыт тезіне төтеп беріп тұрған теміржол вокзалының қасындағы су айдау мұнарасы ғана. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев туған жердің жылнамасында жеңіс тақырыбы ерекше орын алатынын айтады. Ардагерлер үйінде соғыс тақырыбына қатысты құжаттар қатталған. Мәселен, 1942 жылдың 26 қарашасындағы КСРО Қорғаныс Халық Комиссары Иосиф Сталиннің бұйрығында Сталинград әскери округінің құрамына Орал облысының батысындағы 4 аудан, Жәнібек, Орда, Казталов, Фурманов аудандары кіретіні жазылған. Ал одан бұрын 5 қазанда Жәнібек ауданының партархивін, аса маңызды құжаттарды, басқа да құпия материалдарды ішкері жаққа, Қазталов ауданына көшіру туралы құпия қаулы қабылданыпты.

Сол Сталинград әскери округінің құрамына қосылғандықтан шығар, соғыс кезінде Жәнібек ауданынан адам шығыны аса көп болған. Бомбылау кезінде көз жұмған бейбіт халықты айтпағанда, майданға 3 мың 602 жауынгер аттанса, соның 2 мың 341-і оралмаған. Яғни соғысқа кеткендердің 66% қайтпай қалған. Мұндай көрсеткішті еш ауданнан, еш облыстан таппайсыз. Салыстырып қараңыз, өзіміздің Батыс Қазақстан облысы бойынша 77 мыңға жуық адамның 34 мыңы жат жердің топырағын жастанған. Яғни, шығын 45% төңірегінде. Ал аталған 4 ауданнан әскер алғанда, оларды Орал қаласындағы облыстық әскери комиссариатқа әкелмей, бірден Станинградтан 50 шақырым жердегі Дубовка қаласына оқу-жаттығу орталығына жіберген. Сол жаққа 10 күн жаяу жүріп жеткен. Тіпті тұрғындардың ауру-сауына қарамай, қолына қару ұстайтындардың бәрін әкеткен, – дейді Амангелді Уәлиев.

Соғыс жылдары Жәнібекте 3 әскери госпиталь орналасқан. 8-ші әуе армиясының зенит бөлімшесі шойынжол бойын ұшақтардан қорғаған. Жәнібек аудандық музейінің меңгерушісі Меңдігүл Фазылова ерлік шежіресіне есімдерін қашап қалдырған жауынгерлер жайлы былай сыр шертеді:

1942 жылы тамызда аудан бойынша соғыс жағдайы жарияланса, майданның жақындауына байланысты кейін қауіпті соғыс жағдайы енгізілді. 1942 жылдың 12 тамызынан бастап Жәнібек, Сайқын, Шоңай теміржол стансаларын фашист ұшақтары жиі бомбалады. Қираған үйлер, қаза тапқан адамдар көп болды.Темір жол бойында жүк таситын эшелондар істен шығып жатты. Неміс-фашистерінің әуе шабуылы, әсіресе Жәнібек селосына үлкен күшпен жасалды. Бір әуе шабуылына 30-ға дейін ұшақтардың қатысқан кездері болып тұрды. Осындай шабуылдардың салдарынан темір жол вокзалы, мектеп, аурухана үйлері, басқа да өндіріс, мекеме орындары, барлығы село бойынша 41 нысан зардап шегіп, 200-дей тұрғын үй қирады. Аудан еңбеккерлерінің тылдағы ерлігін жауынгерлер де жоғары бағалады. Оған Орал облыстық партия комитетіне 8-ші әуе армиясы қолбасшысының саяси жұмыс жөніндегі орынбасары, генерал-майор Вихаревтан келген мына телеграмма куә бола алады: «8-ші әуе армиясының басшылығы ВКП (б) Жәнібек аудандық комитетіне Сталинград және Оңтүстік майдандары бөлімдерінің жұмыстарын қамтамасыз етудегі көрсеткен көмегі және қызмет барысында жігерлілік танытқаны үшін алғыс айтады. 1942 жылы аудандық партия комитеті аудан территориясында аэродромдар құрылыстарын тез жүргізуде, 8-ші әуе армиясы бөлімдерін орналастыру және оларға көмек көрсетуде орасан зор жұмыс атқарды»-делінген жеделхатта. Ал Жәнібек стансасының тұрғыны А. Серединның жазуынша, 1942 жылы қыркүйектің 11-12 күндері фашист ұшақтары Жәнібек ауданындағы «Алғабас» және «Жаңа тұрмыс» колхоздарының жеріне бомба тастап, өртеген. Соның кесірінен 38 мың гектар жайылым жанып кеткен. Ал 1942 жылы қазанның 4-і күні ертеңгі сағат 11-де фашистердің 36 «Хейнкель-100» ұшағы шабуыл жасап, нәтижесінде он тұрғын қаза тапқан, жанар-жағармай құйылған цистерна жарылған. Су айдайтын мұнараға зақым келген. Жұмысшылар мұнара құламас үшін кейін темірмен құрсаулап тастаған, – дейді өлкетанушы Меңдігүл Ғарифоллақызы.

Тарихи деректерге сүйенсек, Қызыл Армияның ұшқыштары Жәнібек аспанында екі мәрте, 1942 жылдың 11 және 18 қыркүйек күндері жау ұшағын таранға барып, түйіп құлатқан. Олар Качинск әскери әуе училищесінің ержүрек ұшқыштары Дмитрий Гудков пен Сергей Танов болатын. Дмитрий Гудков қазақ жерінде жасаған алғашқы ерлігі үшін, «Қызыл жұлдыз» орденіне ұсынылған, ал Сергей Танов ерлікпен қаза тауып, көршілес Палласовка ауданы орталығына жерленген. 1942 жылдың желтоқсан айына дейін Жәнібек көгінде жаудың 16 ұшағы атып түсірілген. Госпитальға бомба түскенде 93 жаралы сарбаз бен жүздеген бейбіт тұрғын қаза тапқан. Олар бауырластар зиратында жерленген.

«Олар – офицерлер, қатардағы жауынгерлер және медбикелер. Сонымен қатар 47 боздақтың 1942-1943 жылдары Жәнібек ауданында орналасқан №1584 эвакогоспитальде қайтыс болып, осы өңірге жерленгенін архив құжаттары арқылы анықталғанын айтып өту керек. Өкінішке орай, сол жауынгерлердің әзірге дәл қай жерге жерленгені туралы нақты дерек жоқ. Соғыс жылдары жерлестеріміз майдандағы жауынгерлерге азық-түлік пен киім-кешек жөнелтуде бар қажыр-қайратын аяған жоқ. Жау қоршауында қалған Сталинград тұрғындарын бауырына басқан, жарты құртты ауыздан жырып берген ересектер, балалығын соғыстың еншісіне сыйлап, күні мен түнін станок басында, бұлыққа тартылған өгіз үстінде өткізгендер туралы көзкөргендердің айтары көп. Сол кездердің заттай куәгерлері де жоқ емес. Жау бомбасының зардабын шеккен су мұнарасы мен тұрмыстық жабдықтар, соғыс кезінде госпиталь қызметін атқарған тұрғын үйлер, сан жылды араға салып, үй аулаларынан табылған снарядтар соғыс туралы естеліктерде санада сан мәрте жаңғырары сөзсіз. Соғыс жылдарында Жәнібек ауданында қатаң құпия түрінде төтенше үштік құрылғанын да екенің бірі біле бермейді», – дейді музей меңгерушісі, тарихшы Меңдігүл Фазылова.

Сұрапыл соғыстың куәгерлері

Сұм соғыстың ізі мұражай сөрелерінде ғана емес, тұрғындардың санасында да сақтаулы. Ақоба ауылының тұрғыны 89 жастағы Төлеген ақсақал өз балалығын соғыс ұрлағанын айтады. Ол 7 жасынан бастап еңбекке араласыпты.

Мен кішкентаймын ол кезде. Шешелерім мал бағып, Мұхамбетқали қыстауында отырғанбыз. Күндіз қыстауға жақын жерге самолет келіп құлады. Қарап отырмыз, ішінде адам жоқ. Содан кешке қарай балалық әуестігім ұстап бардым ұшаққа. Қарасам ішінде қып-қызыл бірдеңе үюлі жатыр. Соны үйге алып келдім. Содан іңір түскесін ішке Хамза деген басқарма кіріп келді сөйлеп. «Мына сендердің алғандарың снаряд еді жарылатын. Қайта аман қалдыңыздар. Ол жарылса бүкіл үйді қопарып кететін еді», – деп. Содан құдыққа апарып салып жіберді», – дейді қария.

Жау ұшақтары тек шойынжол бойындағы разъезд-стансаларды ғана емес, ішкері отырған ауылдарды да аңдыған. Сол жылы сақтық мақсатында түнде шам жақпауға бұйрық болған. Бүгінде Жәнібек ауданында тұратын 96 жастағы Ақлима әжей ер азаматтар майданға аттанғанда, бар қиындық тылда қалған бала-шаға мен әйелдердің мойнына түскенін айтады.

«Орда ауданының Теректі ауыл советінде Каганович, Карл Маркс, Куйбышев, Калинин, Интернационал деген 5 колхоз болды. Әкем сонда бәлен жыл басқарма болып істеді. 42 жылдың мамырында майданға кетті. Тек менің әкем емес, ел азаматтарының бәрін сыпырып әкетті. 16 жастағы баланы да алды. Ойын баласы соғысу біле ме? Ауыл адамдары армияны көрмеген. Апарды да қырып тастады ғой. Жиен ағам екі жыл әскерін бітріп, Владивостоктан енді қайтам деп тұрғанда соғыс басталып кетіп, ол да қайтпай қалды. Елде қалған кілең жетім-жесір. Солардың өзін көшеде әскер ойнатты, «раз-два» деп. Сиыр сауып жүрген қатындар, оңға-солғаны қайдан білсін. «Әй, направо болса құдыққа жүр, налево болса боққа жүр», – деп айқайлайды оларға басқармалар. Ол соғыс енді қайталанбасын, енді құдай басқа бермесін! Жалғыз інім үште, сіңлім 7 жаста, өзім 12-демін. Әкем кетіп бара жатқанда, інімді үш айналып, жаным сенен садақа деп жылады. Әкемнің апасы бар еді, сосын ол ұрысты. «Соғысқа барып, қайтып келіп жатқандар да бар ғой, аман-есен келерсің, неге қысқа тілек тілейсің», – деп. Қайдааа, сол кеткеннен оралған жоқ. Шиеттей бала-шаға қалдық. Қолымызға ағаштан тырнауыш жасап беріп, құмның арасынан шөп жинатты. Тас бастырған, тастың артына мінгізді. Үстімізден бомба түскен жоқ. Бірақ гүрілдеп ұшып жүрді. Түнде шам жаға алмаймыз. Тіпті үйге қонуды қойдық. Итті ілестіріп, сиырды жетектеп кешке қарай тоғай арасына кетеміз. Далаға қонып, күндіз келеміз. Қорқыныш көп болды. Шешем қой бақты. Мені қойға қарауыл қылды, бір кемпірдің қасына қойып. Қасқыр тартып кетсе, мойынға жазып қояды ақшасын. Мылтық деген жоқ. Мылтық түгілі, жылы киім, төсек орынды да армияға «отправка» жасады, жетпей жатыр деп. Бірақ қандай қиын болса да, сабақты тастағанымыз жоқ. Жетінші сынып бітіргенде 7 мектептің оқушыларын Орданың қасында Талап деген жерге әкеліп, 10 күн жатқызып емтихан тапсыртты. Біздің ауыл құм ішінде шалғайда, қатынасқа алыс жерде. Қағаз-қарындаш жоқ. Мектеп кітапханасындағы кітаптарды бөліп берді. Қаламның орнына дәрігердің марганцовка деген дәрісі бар ғой, ұштық қып соны қолдандық», – деп сол күндерді күңірене еске алады Ақлима Баянтасова әжеміз.

Жәнібектен шыққан батырлар

Сұрапыл соғыстың қиындығын бастан кешкен Жәнібек жұртшылығы Жеңіс күнін ерекше қадірлейді. Биыл да мейрам қарсаңында ауданда түрлі іс-шаралар, соның ішінде білім беру мекемелері арасында «Жеңіс фестивалі» ұйымдастырылып, бейбіт күннің маңызы дәріптеліп, әр күн сайын тағылымды шаралар өтіп жатыр.

Жәнібектіктер Кеңес Одағының Батырлары Ерденбек Ниетқалиев, Николай Чуриковтермен қатар қазақтың қаһарман қыздары Мәншүк пен Хиуаздың да есімдерін құрметпен атайды. Бүгінде Жеңіс саябағында оларға арнап бюст те орнатылған. Әр мейрам сайын өскелең ұрпақ, батырлар рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойып тұрады. Бұған дейін Мәншүк Мәметова Орда ауданында туған, ал Хиуаз Доспанова Атырау облысының Құрманғазы ауданында дүниеге келді делініп жүргенімен, олардың Жәнібекке жат еместігін дәлелдейтін құжаттар жетерлік. Мәселен Мәншүк Мәметова 1941 жылы 27 шілде күні өз қолымен жазған өмірбаянында: «Мен 1922 жылы, Орал облысы, Жәнібек ауданы, Қамысты ауылында дүниеге келдім», – деп жазған. Халық Қаһарманы Хиуаз Доспанованың да соғысқа Жәнібек ауданынан алынғаны тарихи құжаттармен айғақталған көрінеді.

Хиуаз апамыздың әкесі Қайыр мына Жәнібек ауданының Мұратсай деген жерінде ұжымшар төрағасы болып жұмыс жасады. Хиуаз апамыз да осы Жәнібекте бойжетіп, майданға осы жақтан аттанған. Жеке листогында Жәнібек аудандық әскери комиссариатымен шақырылды деп тұр. Осыдан 15 шақты жыр бұрын тыл ардагерлеріне қатысты өзгеріс болғанда, Хиуаздың сіңлісі де осында келіп, Жәнібек ауданында туды деген анықтама қағаз алып, тыл ардагері атанғаны есімде, – дейді ардагерлер кеңесінің төрағасы Аманкелді Уәлиев.

Сонымен қатар, жәнібектіктер Украина жерінде ерлікпен қаза тапқан полк комиссары Хаби Халиуллин, соғыстан кейін бейбіт өмірде қайтыс болған, «Александар Невский» орденінің иегері, батальон командирі, майор Шәкір Мәжитов, Белорусь жерінде ерлікпен қаза тапқан батальон командирі, капитан Әжіхан Дүйсенов, Севастополь қаласын азат етуде қаза тапқан барлаушылар полкінің командирі, аға лейтенант Мұхтар Елемесов, Жәнібек балалар үйінде тәрбиеленген партизан Нұрғаным Байсейітова, отты жылдар ойранында әскери дәрігер қызметін атқарып, талай жаралылардың жанына араша бола білген Әпен Текебаев, Ғұсман Сисемәлиев, Хамза Зайнуллин, Ғұмар Енекеев, Геннадий Федорович Оспанов сынды аға -апаларымыздың ерлік жолдарын кейінгі ұрпаққа үлгі етеді. Ауданда күні бүгін 41 тыл ардагері өмір сүреді.

Жәнібек ауданына ерекше статус керек

Жәнібек және Бөкей Ордасы аудандары орталықтарына осыдан бес жыл бұрын «Қаһарман аудан» деп аталатын обелиск ескерткіштер орнатылды. Қос ауданның сұрапыл соғыс жылдарында жау ұшақтарының шабуылына ұшырап, қилы қиындықтарды бастан кешкенін куәландыратын жалғыз белгі әзірге осы. Алайда өскелең ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу үшін бұл жеткіліксіз, – дейді елдің естілері.

Жеңістің 75 жылдығына біздің ауданға «Қаһарман аудан» деген белгі орнатты. Бірақ не үкіметтің қаулысы жоқ, не Парламенттің шешімі жоқ, не анықтама, не акт жоқ, әкелді де көк тасты қоя салды. Яғни сол ескерткішті орнатуға негіз болатын бірде-бір құжатты біз көргеміз жоқ. Көрші Ресейді қарасаңыз қала-аудандарында Қаһарман қала, Батыр қала деген ресми атақтары бар. Бізде де екі ауданға осындай мәртебе ресми берілуін сұраймыз. Ол ең алдымен жастардың тәрбиесіне қажет, – дейді аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Амангелді Уәлиев.

Помогите нам рассказывать правду

Наши журналисты не боятся добывать правду, чтобы показывать ее вам. В стране, где власти постоянно хотят что-то запретить, в том числе - запретить говорить правду, должны быть издания, которые продолжают заниматься настоящей журналистикой.

Мы хотим зависеть только от вас — тех, кто хочет знать правду, тех, кто не боится быть свободным. Помогите нам рассказать вам правду.

Пожалуйста, поддержите нас своим вкладом в независимую журналистику!

Это просто сделать.

Можете нас поддержать через KASPI GOLD, отправив свою сумму на номер 8 777 761 02 61

x
2025-05-23
Утром14.6 ℃
Днем18.62 ℃
Вечером20.14 ℃
Ночью14.15 ℃
Влажность52 %
ДавлениеhPa 1018
Скорость ветра6.35 м/с
2025-05-24
Утром11.74 ℃
Днем19.59 ℃
Вечером18.79 ℃
Ночью13.45 ℃
Влажность39 %
ДавлениеhPa 1022
Скорость ветра6.83 м/с